МәдениетCOVID-19: Қазақстан

Қызылжарда қолға алынатын жобалар жайлы айтылды

Биыл өңірдегі мектептерге 73 мыңнан астам оқушы барады.
оның 8 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш рет аттайды. Балалар сабақты дәстүрлі форматта оқиды. Сол себепті, қазіргі күні мұғалімдер мен техникалық персонал толық вакциналаудан өтіп жатыр екен.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Бірінші қыркүйектен бастап оқу офлайн форматта болады. Бұл туралы жақында Президентіміз айтқан болатын. Осы орайда жұмысшылар екпе алулары тиіс. Қазіргі уақытта мұғалімдер мен техникалық персоналдың 95 пайызы вакциналанды. Сондай-ақ, қазір біз 56 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз. Оған 4,3 млрд теңге бөлінді.

Вакцина демекші қазіргі күні әлеуметтік желілерде неше түрлі жаңсақ пікірлер қаптап кетті. Халықтың арасында оған қарсы шығып жатқан жандар да бар. Біреулер екпені саясатқа бұрмаласа, басқалары ол қауіпті, егуге болмайды дейді. Ғани Нығыметов тұрғындарға мәселеге объективті қарау қажет екенін айтады. Ауру бар екені рас және вирус түрлі мутацияға ұшырап жатыр. Індет адамды жас, кәрі деп таңдамайды, бәріне бірдей жұғуда. Оны жеңудің бірден бір жолы – оқшаулану мен вакцина қабылдау.

Енді мәдениет саласында атқарылып жатқан шаруаларға ойыссақ. Алдағы уақытта Петропавл тұрғындары үшін жаңа мәдени орын пайда болады. Нақтырақ айтсақ, қаладағы Киров зауытының маңында бір көне ғимарат бар екен. Ол бүгінде қойма ретінде қолданылуда. Жергілікті билік өкілдері нысанды қайта қалыпқа келтіріп, орнына «Ислам мәдениеті музейін» ашпақшы.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Президенттің тапсырмасы бойынша көне ғимаратты «Ислам мәдениеті музейіне» айналдырамыз. Қазір бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, конкурс жарияланды. Тамыз айының 24-іне дейін құрылысты жүргізетін мердігерлер анықталады. Келешекте тұрғындар сол орталыққа барып, өңіріміздің тарихымен, даму барысымен таныса алады. Мәдени орынға туристер де келетін болады.

Ал спортқа келетін болсақ, биыл мамыр айынан бастап елімізде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты орналастыру механизмі жүзеге асырылып жатыр. Яғни, осы жоба аясында ата-аналар балаларын түрлі үйірмелерге жаза алады.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Арнайы республикалық онлайн платформа әзірленді. Сайт «artsport.edu.kz» деп аталады. Ата-аналар 4 пен 18 жас аралығындағы балаларын онлайн режимде түрлі шығармашылық және спорттық үйірмелерге жаза алады. Ұл-қыздар жаттығуға тегін қатысады. Сайт екіге бөлінген. Оған қызмет көрсетуші ұйымдар да кіріп өтініш тастай алады.

Тәуелсіздік алу жолында ата-бабаларымыз небір қиындықты бастарынан кешірді. Сол себепті, олардың есімін мәңгі есте сақтау – біздің азаматтық парызымыз. Ғани Нығыметовтың айтуынша репрессия жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған жерлестеріміздің есімін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазіргі күні облысымызда қуғынға ұшыраған 6 мыңнан аса жерлесіміздің есімі белгілі болды. Облыстық комиссия архивтерді қарап, жергілікті ғалымдармен бірлесе өзге де жандардың түр-тұлғасын анықтау үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Сол себепті, тұрғындарға айтарым: егер жазықсыз жапа шеккен туыстарыңыз немесе жақындарыңыз болса, бізге хабарласуларыңызды сұраймын.

Айта кетейік, осы жексенбіде облысымызда ауылдық округ әкімдерін сайлау өтеді. Биыл мамандарды мәслихат депуттаттары емес, халықтың өзі таңдайтын болады. Бұл жаңашылдық әкімдердің ел алдындағы жауапкершілігін арттыруға септеседі. Осы орайда Ғани Нығыметов тұрғындарды жаппай сайлауға қатысуға шақырды. Тағы бір айта кететін жайт, шілденің соңында Солтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы аталып өтіледі. Айтулы датаға орай жергілікті университетте республикалық ғылыми конференция өтеді. Жиында тәуелсіздік тараулары ой елегінен өткізіліп, өңірдің жаңа логотипі таныстырылады.

Бердимурат Баймухан