Қылмыс

Екі адамды өлтірген қаскөй өмір бойына сотталды

Қылмыстық істер бойынша арнайы ауданаралық сотта Бекболат Ғабдуллинге қатысты сот үкімі шықты. Ол екі адамды өлтіріп, тағы екі және одан да көп адамды өлтіруге оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Естеріңізге сала кетейік, жан түршігерлік жағдай ағымдағы жылдың наурызында болды. Ғабдуллин Петропавлға жеке жұмыстарымен келіп, туыстарының үйіне барған.

Баспана иелері ұйқыға кеткенде ол асүйден пышақ алып, ағасын далаға темекі шегуге шақырған. Сыртқа шығарып алып, оған артынан бірнеше рет пышақ сұққан. Жаралы жігіт екінші қабатқа көтеріліп үлгеріп, апасының бөлмесіне жан сауғалапты. Осы жерден көрші үйде тұратын ағасына телефон шалып, хабар берген. Алайда, көмек жеткенше қылмыскер егде жастағы қарияны, ал 11 жастағы жеткіншектің көзінше оның анасын пышақтаған. Қос нәзікжанды ауруханада көз жұмды. Сот отырыстарында Ғабдуллин қанішерлік әрекетін амнезиямен түсіндіріп, ешкімді өлтіргісі келмегенін айтқан.

Алайда, сот Бекболат Ғабдуллин туыстарына қасақана шабуыл жасап, үйден ақша мен құнды заттарды ұрламақ болды деген қорытындыға келді. Қаскөй өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Жазасын ол қауіпсіздік деңгейі жоғары мекемеде өтейтін болады. Сондай-ақ, сот қылмыскерді зардап шеккен отбасыға 13,5 млн теңге көлемінде моральдық өтем төлеуге міндеттеді.

Эльмира Садвокасова