Ауыл шаруашылығы

“Дайындық-Агро” серіктестігінің тыныс-тіршілігі

Биыл жауын шілденің ортасына қарай ғана молынан төкті. Бұған дейін жер құрғап, егілген өнімнің шығуы біраз тежелген еді. Дегенмен, «Дайындық-Агро» серіктестігінде бәрі орынша. Өйткені, аграрийлер маңызды науқанды жылдағыдан ерте бастапты. Яғни, мамырдың басында дақылдардың тұқымы жерге сіңдірілген. Мәселен, жүгері 15-і күні егіліпті. Бүгінде биіктігі адам бойымен бірдей. «Мұның барлығы – тиісті күтімнің нәтижесі»,- дейді серіктестіктің бас агрономы Азамат Сағындықов.

Азамат Сағындықов, «Дайындық-Агро» ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:

– Ылғал сақтаушы технологияларды қолданып, жердегі ылғалды барынша сақтап қалдық. Нәтижесі көріп тұрғандарыңыздай. Егердің алдында сұйық тыңайтқыш сіңдірдік. Кейін тұқымға минералды тыңайқыш қостық. Сосын толығымен гербицидтік өңдеуден өткіздік.

Айта кетейік, аққайыңдық шаруалар 400 га аумаққа жүгері еккен. Одан бөлек, 1000 га пішендеме мен 400 мың шаршы метрге шекілдеуік өсірген екен. Аграрийлер өнімді тамыз айының ортасында жинап алуды жоспарлап отыр. «Дайындық-Агро»-дағы еңбеккерлер жеп-шөпті қайдан алам деп алаңдамайды. Жыл сайын дәстүрлі түрде қолдау көрсетіледі.

Біржан Шаймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– Биылғы жылы мал ұстайтын отбасыларға 15 мыңнан 2 тоннадан арпа береміз. Жылдан-жылға халыққа көмектесеміз. Осы жолы ерекше қолдау көрсетілмек.

Тұрғындар өз кезегінде ризашылықтарын жаудыруда.

– ТОО-да істеп жатқанымызға 20 жылдан асып кетті. Жылда шөбімізді әкеліп, үйіп береді. 2 тоннадан жем әкеліп отырады.

– Біржан Әбділманұлына көп рахмет. Халықтың жем-шөбін беріп жатыр. Көмек керек кезде әрдайым қол ұшын созады. Тұрмысымыз жақсы.

Арпа-сұлы егумен қатар қожалық мал шаруашылығымен де айналысады. Бүгінде «Дайындық-Агро»-ның иелігінде 800 сиыр бар. Күніне 11 тонна сүт «МаслоДел» серіктестігіне сүт тапсырылады.

Біржан Шаймерденов, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры, Аққайың ауданы:

– “МаслоДел”-мен келісім-шартқа отырғанбыз. Күніне 3 машина келіп тұрады. 800 сиыр бар. Оның 600-ы сауылады. 200-і өзінің уақытын күтіп жүр.

Бұдан бөлек, Біржан Шаймерденовтың бастамасымен өзге де маңызды шаруалар атқарылып жатыр. Нақтырақ айтсақ, Қызылжар ауданындағы Рассвет селосында фельдшерлік-акушерлік қосынның құрылысы да бітуге жақын.

Алтынай Казиканова