Құрылыс

Отбасы банкі кезекті конкурс жариялады

Байқау Жамбыл Жабаев көшесінде орналасқан мына 16 қабатты екі үйге жарияланып отыр. Қазіргі таңда бұл тұрғын үйлерде соңғы ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Іс толығымен тамыз айында аяқталып, баспаналар қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр екен.

Назерке Ғалым, «Отбасы Банк» АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы:

– Екі 16 қабатты үйдің әрқайсысы 96 пәтерлі. Бірінші 16 қабатты үйдегі 87 пәтер «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша беріледі. Бұған көпбалалы отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар немесе толық емес отбасылар кіреді. Ол үйлерді әкімдік бөледі.

Конкурс «Баспана кз» сайтында жүргізіледі. Байқауға қатысуға ниет білдірген салымшының есеп шотында міндетті түрде 10 пайыз алғашқы жарна болуы шарт. Сондай-ақ, соңғы алты ай ішінде отбасының әр мүшесінің табысы 126 917 теңгеден аспауы керек.

Арман Сугралин, “Отбасы Банк” АҚ СҚОФ бизнесті дамыту бөлімінің басшысы:

– Екінші үй әкімдік кезегінде тұрған біздің банк салымшылары арасында ойнатылады. Көп жылдан бері кезекте тұрған жандардың пәтер алуы мен оны таңдауға мүмкіншіліктері анағұрлым көп. Негізгі мен резервті тізім жасалады.

Айта кету қажет, байқау жарияланған үйлердің 1 шаршы метрі 160 мың теңге тұрады. Байқау шілденің 22-сі мен тамыз айының 16-сы аралығында өткізілмек. Ал жаңа қоныс тебетін жандардың тізімі тамыздың 11-і мен 15-і аралығында жарияланбақ.

Алдияр Айтпаев