Қоғам

Өңір жұртшылығы Құрбан айт мерекесін қарсы алды

Таңғы сағат 7-лер шамасы. Айт намазын оқу уақыты. “Қызылжар” орталық мешітіне таң атысымен жиналған жерлестеріміздің қарасы қалың.

Азан шақырылып, айт намазы оқылды. Ұлы мерекеде Алланың разылығы үшін жасалатын игі амалдардың бірі орындалды. Мұсылман бауырлар Құрбан айт мерекесіне дін аман жеткендеріне шүкіршілік білдірді.

– Бүгінгі Құрбан айтымыз қабыл болсын. Аллаға мағлұм болсын. Елімізге тиыштық, жақсылық болсын.

– Баршамызға Құрбан айт құтты болсын. Құрбан шалған жандардың ниетттерін Алла тағала қабыл етсін.

– Енді намаздан кейін амандық болса құрбан шалғалы отырмын жақындарымызбен бірге. Қалған етті көрші-қолаңға, далада жүрген жандарға таратамыз.

Мұсылманның жағдайы жетсе құрбан шалу міндет болып саналады. Биыл бұл игі амал екінші жыл қатарынан онлайн түрде жүргізілуде. Құрбан шалып, мал сатып аламын деген жандар qurban2021.kz сайты арқылы өтіп, мал алуға өтініш тастауларына болады. Қазір 20-дан астам жерлесіміз 20 қой мен 3 ірі қараға тапсырыс берген екен.

Құрбандыққа шалынған мал еті иесінің атынан qurban2021.kz сайтында ет алуға өтініш білдірген жандарға үлестіріледі. Етті мұқтаж жандарға мешіт қызметкерлері мен еріктілер уәкілеттік жасап, үйлеріне апарып береді.

Кенжетай қажы Байкемелұлы, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Баршаларыңызды Құрбан айт мерекесімен құттықтаймыз. Айтымыз мүбәрәк болсын. Айт шалу мәселесіне келетін болсақ. Құрбан 4 түлік малдан шалынады. Сонымен қатар, айт намазынан кейін шалынады. Қойдын бағасы биылғы жылы – 65 мың, ірі қараныкі – 350 мың теңге. Бұл баға ішіне бас үйіту, ішек-қарын тазалау сияқты қызметтер де кіреді.

Құрбан малы ақсақ немесе соқыр болмауы тиіс. Құлағының бүтіндігі де маңызды. Қойлар – 1 жастан, ал ірі қара – 2, түйе 5 жастан асуы шарт екен.

Алдияр Айтпаев