Білім

Покровка орта мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

Покровка орта мектебі 1976 жылы бой көтерген. Содан 2019-ға дейін білім ошағы күрделі жөндеу көрмепті. Осыдан 2 жыл бұрын нысанның шатыры 31 млн теңгеден астам қаржыға толығымен жаңартылған. Ал «2020-да оқу ұясының алдыңғы жағы боялып, біраз өң кірді»,- дейді мекеме директоры Біржан Қойшыбаев.

Біржан Қойшыбаев, Покровка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– Қазіргі таңда 75 терезе мен 75 есік және мектептің электрсымдары ауыстырылып жатыр. Бұл шаруаға 70 млн-ға жуық қаражат бөлінді. 28-ші маусымнан бастап жұмысшылар іске кіріскен болатын. Бүгінде 20-дан астам терезе ауыстырылды.

Мектепте 250 оқушы мен 35 ұстаз бар. Біржан Төлепбергенұлының сөзінше, жыл сайын мекеменің материалдық-техникалық базасы жаңартылып отырады. Биыл Есіл ауданына 600 компьютер бағытталса, соның 60-ы Покровка мектебіне берілген екен.

Біржан Қойшыбаев, Покровка орта мектебінің директоры, Есіл ауданы:

– 1-ші қыркүйекке дейін мектебіміздің кітапханасын жаңартып жатырмыз. 2 млн-нан астам сомаға ішіндегі материалдық-техникалық базасын ауыстырудамыз. Онымен қоса, өрт қауіпсіздігі түгелімен ауыстырылып жатыр.

Биыл Покровкадан бөлек, тағы 55 мектеп жаңартылады. Салынғалы жөндеу көрмеген білім ошақтары – басты назарда.

Владимир Ткаченко, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Жөнделіп жатқан мектептердің 38-і ауылда орналасқан. Сондай-ақ, биыл оқу ошақтарындағы қазандықтарды сыртқа шығару жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл мақсатқа облыстық қазынадан 95 млн теңге бөлінді. Ескі жылу жүйесін жаңартуға қосымша 150 млн теңге бағытталып отыр.

Үстіміздегі жылы өңірдегі орта білім беру мекемелерін жөндеу үшін 4,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Оның 3 млн-ы «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бағытталған.

Алтынай Казиканова