Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірде «Северный бройлер» құс фабрикасы салынып жатыр

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан құрылыс алаңында жұмыс қызу жүріп жатыр. Өйткені, уақыт тығыз. Күзге дейін жобаның бірінші бөлігін тапсырып үлгеру керек. Шаруаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қостанай қалаларынан келген мамандар білек сыбана ат салысуда. Қазір құс сою цехінің іргетасы құйылып жатыр әрі қатарынан қанаттыларға арналған 6 бірдей тұратын орын салынуда. Материалдардың барлығы – еуропалық стандартқа сай.

Александр Мысков, құрылыс алаңының жетекшісі:

– Қазір Аралғаш ауылының маңында «Северный бройлер» құс фабрикасының құрылысы жүріп жатыр. Нысанның аумағы – 52 га-ды құрайды. Инкубаторда толық фундамент құйылып, жақтаудың бір бөлігі орнатылды. Сонымен қатар, тауық тұратын нысанның да негізі қаланды.

«Северный бройлер» құс фабрикасының жобасы міне, мынадай. Жоспарға сәйкес 12 нысан болуы тиіс. Оған қоса инкубаторлық жүйе де бар.

Берік Ақмырза, жоба жетекшісі:

– Қолданылатын технологиялардың барлығы заманауи болмақ. Негізі, етті құстар сатып алынады. Барлығы – 12 нысан. Әрқайсысының сыйымдылығы 35 мың бройлерге жетеді. Жылына 3 млн құс өсіріп, 5 мың тонна ет өндіруде жоспарлап отырмыз. Бірінші кезеңде 2 цехті іске қосамыз.

Жобаның қарқын алуына 3 жыл қажет. Бастауы биылғы күзде жоспарланып отыр. Жалпы, 5,5 млрд теңге қарастырылған. Әуелде ет өндіруге қатысты жылдық қуаттылық 5 мың тонна деп белгіленсе, кейін бұл көрсеткішті 4 есеге арттыру көзделуде.

Берік Ақмырза, жоба жетекшісі:

– Негізінен, ет өндіруге басымдық беріледі. Осы орайда әлі заманауи құс сою цехы салынады. Бройлердің тек етін ғана емес, одан қалған сүйекті де кәдеге жаратуға болады. Сонымен қатар, жұмыртқа өндірілетін арнайы аймақ салынады.

Жобаның бірінші жартысы алдағы күзде іске қосылады. Нәтижесінде 200 адам жұмыспен қамтылады. Дені – жергілікті тұрғындар. Құс фабрикасы толық қуатқа көшуі 2023 жылға белгіленіп отыр.

Алтынай Казиканова