ТЖ

Өңірде өрт тыйылмай тұр

Жыл басынан өңір бойынша 367 өрт оқиғасы тіркелді. Қызыл жалын 32 солтүстікқазақстандықтың өмірін жалмады. Тағы 34 адам түрлі деңгейде жарақат алды. Төтенше жағдайлардан келген материалдық шығынның көлемі 144 млн теңгеге жуықтайды. Өрт оқиғаларына қатысты ахуал жылдан жылға ушығып келеді. Былтырғы статистикамен салыстырар болсақ, өсім 25 пайызды құрап отыр. Бейінді департамент мамандарының сөзінше, бұның өзіндік себебі бар.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

– Солтүстікқазақстандықтардың 61 пайызы жер үйде тұрады. Баспаналардың 70 проценттен астамы 20-шы ғасырда тұрғызылған. Сәйкесінше, электр желілері тозған, пештері жөндеу көрмеген. Өрт оқиғаларының орын алуына тағы бір себеп бар. Қызыл жалыннан қаза тапқан 32 адамның тең жартысы масаң күйде болған. Өкініштісі сол – олардың немқұрайлығынан балалары мен үйдегі өзге адамдар да жапа шегіп жатады

Тұрғын үй секторымен бірге, табиғат аясындағы өрт оқиғалары да көбеюде. Биылғы жағдай, әсіресе, күрделі. Қызыл жалынның бас көтеру қаупі жоғары кезең басталғалы кепкен шөп, қамыс пен қоқыстың жануы бойынша 700-ден аса факті тіркелген. Одан бөлек, жалпы аумағы 34,3 гектар болатын орман отқа оранып, 423 гектар алқапты тілсіз жау шарпыған. Материалдық шығын 3 млн теңгені құрап отыр.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

– Жамбыл мен Шал ақын аудандарында тоғайлардың жануы – 50 пайызға, М.Жұмабаевта – 33, Қызылжар ауданында 20 пайызға артқан. 3 өрт оқиғасының орын алуына от жағу барысында қарапайым ережелерді елемеу себеп болды. 5 жағдай бойынша кінәлілер табылған жоқ. 2 жерде қызыл жалын отқа немқұрайлы қарағандықтан бас көтерді.

М.Жұмабаев ауданындағы тоғайға да қауіп төнген. Орманға қызыл жалын Ресей жағынан жайылыпты. Тағы Ақмола облысында бас көтерген тілсіз жау Тайынша ауданына ауысқан. Жасыл желек пен алқаптарды өрттен қорғаумен бірге ТЖД мамандары рейд ұйымдастырады. Жыл басынан бері 47 мобильді топ 700-ден аса шара өткізген. Оның барысында 100-ге жуық құқықбұзушы анықталып, барлығы бірдей әкімшілік жазаға тартылды. Біреуіне 65 мың теңгенің айыппұлы салыныпты. Отқа немқұрайлы қарап, табиғатты қорлаған өзге жандар ескертумен құтылған.

Эльмира Садвокасова