Салық басқармасы

СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті 6 айды қорытындылады

Облыстық мемлекеттік кірістер департаменті 6 айлық жұмысын қорытындылады. Жыл басынан бері аталған ведомство өкілдері жұмыс берушілерге қатысты 645 қаулы шығарған екен. Себебі, олар бюджетке зейнетақы, медициналық сақтандыру жарнасы мен өзге де әлеуметтік аударымдарды ауқытылы аудармаған.

Бұндай олқылыққа жол берген жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жиынтық көлемі 7 млн 300 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Айта кетейік, мемлекеттік орган өкілдері жүргізген жұмыс барысында әлеуметтік төлемдер бойынша берешек жыл басынан бері 100 млн теңгеге дейін азайған екен.

Төлеген Қабдөшев, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы:

– Салық төлеушілерге назар аударамыз, қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органдарын цифрландырудың арқасында “e-Salyq Azamat” мобильді қосымшасы әзірленді. Онда “Қызметкердің еңбегіне ақы төлеу” сервисі іске қосылды. Бұл сервис медициналық сақтандыруға есептелген жеке табыс салығының, зейнетақы жарналарының, міндетті әлеуметтік аударымдардың және әлеуметтік аударымдардың сомаларын қарауға мүмкіндік береді.

Дана Ешкенова