Қоғам

Шілденің 20-сы Құрбан айт бастау алады

Айт намазын оқып, құрбан шалу. Бұл – ұлы мереке қарсаңында Алланың разылығы үшін жасалатын игі амалдар. Биыл Аллаға бір қадам жақындай түсем деген жандар құлшылықты таңғы сағат 7-де мешіт аулаларында жасамақ. Бірақ, қатаң санитарлық талаптарды ұмытпаған жөн.

Кенжетай қажы Байкемелұлы, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы:

– Биылғы Құрбан айт 20-шы шілдеден бастап, 21-22-сі күндері аралығында өтпек. Бұл күндерді барлық әлем мұсылмандары бірлесе белгіледі. Айт намазын санитарлық дәрігерлер ашық аспан астында өткізуге рұқсат берді, оның өзінде маска, вакцина жайында ұмытпау қажет.

Ал құрбан шалу биыл онлайн форматта өтпек. Игі іс жасап, құрбан шалам деген жандар qurban2021.kz сайты арқылы өтіп, мал сатып алуға өтініш тастауларына болады. Биыл бір қойдың бағасы – 65 мың, ал ірі қара 350 мың теңгеге бағаланып отыр.

Аян Алыпқашв, облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы:

– Сайтқа кірген адам екі бағанның біреуін таңдауы қажет. Яғни құрбан шалуға не құрбан етін алуға. Құрбан рәсімін қажет жағдайда сурет немесе бейнежазба арқылы көруіне жағдай жасалған. Өзі жеке құрбан шалған жандар мешітіміздің еріктілері арқылы мұқтаж жандарға құрбан етін беріп жіберуге де мүмкіндік бар.

Айта кету қажет, жеке тұрғын үй мен ауылдағы ағайынға бұл шектеудің қатысы жоқ. Оларға өз беттерінше құрбан шалуға ҚМДБ тарапынан рұқсат беріліп отыр. Тек игі амал кезінде көп кісі жиналмауы қажет.

Алдияр Айтпаев