Ауыл шаруашылығы

Облыста малға шөп әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр

Қыстың қамын жаз ойла. Өңірде мал азығын әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңір бойынша, әзірге, 750 мың тонна шөп жиналыпты. Бұл бүкіл қажеттіліктің 30 пайызын құрайды екен. Мамлют ауданындағы «Мамбетов и К» командиттік серіктестігі науқанға маусымның 20-сында кіріскен. Қазір кәсіпорын өкілдері шөпті жинап, ауыл тұрғындарына үлестіріп жатыр.

Марат Мухин Меңгесер елді мекенінде тұрады. Ауылда тұрғаннан кейін азын-аулақ болсын мал ұстаған дұрыс дейді. Сол себепті, өзі де төл өсірумен айналысады. Төрт түліктің қыстап шығуы үшін шамамен 20 бума шөп пен сабан керек екен. Онысымен «Мамбетов и К» командиттік серіктестігі қамтамасыз етіп отырады.

Марат Мухин, Меңгесер ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Өзім Мамбетов шаруа қожалығында механизатор болып жұмыс жасаймын. Қой мен жылқыларым бар. Жем-шөбімізді жыл сайын әкеп береді. Биыл кішкене қиындау болды, жем-шөп азғантай, бірақ тасып жатыр. Кезегіміз келіп, ауа райы түзеліп, жер құрғағасын әкеледі.

«Мамбетов и К» командиттік серіктестігі жыл сайын 350-ге тарта үйді жем-шөппен қамтамасыз етеді. Биыл пішен шабу науқанын аграрий 20-шы маусымнан бастаған. Серіктестік 5 жарым мың тонна шөп құлатуды көздеп отыр. Оның 3 жарым мың тоннасы өздерінің иелігіндегі ірі қараға арналса, қалған 2 мыңы ауыл еңбеккерлеріне үлестірілмек.

Еркебұлан Мамбетов, «Мамбетов и К» КС бас директоры, Мамлют ауданы:

– Біздің шаруашылықта 2 жарым мың ірі қара мен 300 бас жылқы бар. Жұмысшыларымыз Бексейіт пен Меңгесер ауылындарынан. Оларды шөппен қамтамасыз ету үшін 1800 гектар аумаққа – көпжылдық, ал 2 мыңға біржылдық шөп ектік. Бүгінгі күні 2 жарым мың тонна көпжылдық шөпті құлатып, жинап алдық.

Еркебұлан Мамбетовтың айтуынша былтыр шөптің шығымдылығы жақсы болған екен. Өткен жазда бір гектардан 18 центнерден жинап алса, биыл небары 10 центнерден ғана айналуда. Бұған жаздың басында жауын-шашынның аз болуы өз әсерін тигізген көрінеді.

Еркебұлан Мамбетов, «Мамбетов и К» КС бас директоры, Мамлют ауданы:

– Негізі, жоспар биыл да орындалуы тиіс. Біржылдық шөптен мол өнім алуымыз мүмкін. Қазір ауыл тұрғындарына 10 бумадан үлестірудеміз. Кейін тағы бере жатармыз. Сондай-ақ, егін жинап болғаннан кейін сабанмен де қамтимыз.

Өткен жылы серіктестік өз жұмысшыларына шөптің бір бумасын, бұл – 300 келі – 2 жарым мыңға, ал қожалықта жерлері бар жандарға 4 мың теңгеден ұсынған екен. Биыл өнімнің аздығы бағаға да әсер еткен екен. Былтырғы құнға мың теңгеден қосылыпты. Серіктестік басшысының айтуынша бұл өзге жерлерге қарағанда анағұрлым арзан дейді.

Алдияр Айтпаев