Бизнес және экономика

Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына 350 іскер жан жүгінген

Елена Каткене – жеке кәсіпкер. 2019 жылы “Бастау” жобасы бойынша бір ай оқып, қайтарымсыз грантқа ие болған. Қолына түскен қаражатқа 36 жастағы іскер келіншек шәй студиясын ашыпты. Алайда, пандемияның салдарынан ісі оңға баспай, жабылып қалған. Содан Елена жаңа жобаны қолға алуды жөн көріпті. Алтайдан дәрілік шөп жеткізумен айналысуды ойластырып жүр.

Елена Каткене, кәсіпкер:

– Қандай құжат қажет, оларды қалай рәсімдеу керек? Осы турасында ақпарат алу үшін кәсіпкерлер палатасының қызмет көрсету орталығына жүгіндім. Мамандар ісімді жеке кәсіпкер ретінде жалғастыру үшін құжаттарды тез арада рәсімдеп берді. Енді қаладағы сауда үйлерінің бірінде Алтай шөптерін саудалаймын. Бұл емдік өсімдіктерге деген сұраныс жоғары.

Кәсіпкерлер палатасындағы қызмет көрсету орталығы іскер азаматтарға 6 жыл бойы сервистік қолдау көрсетіп келеді. Мамандар бизнесті бастауға немесе оны ары қарай өрбітуге септеседі. Қолдау “Бизнестің жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы аясында ұсынылады. Аталған мамандардың демеуіне ие болу үшін жеке куәлік пен жеке кәсіпкерліктің бары туралы құжат қана қажет екен.

Айдос Ебжанов, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Орталықта 4 білікті маман жұмыс істейді. Олар бухгалтерлік, заңгерлік, маркетингтік қызмет ұсынады және мемлекеттік сатып алу барысында кеңес тұрғысынан қолдау көрсетеді. Барлығы тегін жүргізіледі. Бізге тікелей келіп жүгінуге болады немесе сырттай, яғни g4b.kz сайты арқылы өтініш жолдауға болады.

Қызмет көрсету орталығына жыл басынан бері 350 кәсіпкер жүгінген. Басым бөлігінің бұйымтайы қаржылық мәселеге қатысты.

Дана Ешкенова