Құқық қорғау органдары

Ауыл тұрғынының жоғалған бір отар қойын тәртіп сақшылары тауып берді

Ауыл тұрғынының жоғалған бір отар қойын тәртіп сақшылары тауып берді. Мамлют ауданының тұрғыны таңертең 53 бас қойы мен 5 ешкісін ауыл маңына жайып жіберіп, өз жұмыстарымен айналысқан. Кешке күтіп алайын десе, мыңғырған мал орнында жоқ болып шығады. Жоқтың құны 3 млн теңгені құрайды екен.
Шарқ ұрып өзі іздеп таба алмаған соң, аудандық полиция бөлімшесіне хабарласыпты.

Дереу мамандардан бірнеше топ құрылып, іздеу жұмыстарына кіріседі. Ақыры бір отар қой бір күннен кейін орман ортасынан табылған. Мал иесіне қайтарылды. Бірақ, иесі осымен екінші рет тұяқтыларды өз еркіне жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жайылымда қараусыз жүрген мал біріншіден, жол бойына шығып кетіп, жол-көлік апатына себепші болуы мүмкін немесе ұрыларға жем болуы ықтимал. Жалпы, жыл басынан бері Мамлют ауданында мал ұрлығына қатысты 4 жағдай тіркелген.

Данаш Хамзина