Өнеркәсіп

Өңірде алғашқы трансформатор екі аптадан кейін жиналады

Бұл – бұрынғы МЛД, қазіргі Петропавл электротехникалық зауыты. МЛД-дан мұнда тек 4 қабырға мен шатыры ғана қалған. Ондаған жыл бойы тұралап, әбден көнерген ғимаратты қазір тану қиын. Инвесторлар қалыпқа келтіру жұмыстарына 2020-ның мамырында кірісіпті. Ұзақ уақыт бойы жиналған қоқысты шығарған, қабырғалары мен төбесін бекіткен, қасбеті мен терезелерін ауыстырып, бетоннан еден құйған. Аталған шаруаға 3,5 млрд теңге қаржы құйылыпты. Ал, жалпы инвестиция көлемі 10 млрд-тан асады.

Мақсат Үсенбаев, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС директоры:

– 80 пайыз жұмыс аяқталды. Қазір тек станоктарды қоятын жерлер қалды. 0-48 Станоктарды электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргіземіз. Екі аптадан кейін алғашқы станокты іске қосамыз. Кейін біртіндеп қалғандарын орнатуды жоспарлап отырмыз.

Тамыз айында алғашқы трансформатор дайын болады. Жыл соңына дейін электртехникалық өнімнің мыңнан аса данасын құрастыру көзделген. Ал, 2022-нің қаңтарынан бастап зауыт толық қуаттылығына көшеді. 12 айдың ішінде 13 мың дана тауар шығарады. Оның 98 пайызын Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік ететін мемлекеттерге экспорттау көзделіп отыр. Нәтижесінде жылына кәсіпорын 12 млрд теңге пайда табады. Қысқасы – шаруа жоспарға сай жүргізілуде. Десе де проблема бар. Инвесторлар кадр тапшылығымен бетпе-бет кездесіпті. Биыл серіктестік 120 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. Әзірге, тек 33 маман алынған. Олардың дені – жергілікті университет түлектері.

Мақсат Үсенбаев, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС директоры:

– Жақын арада Оңтүстік және Батыс Қазақстандағы зауыттарға жіберуге дайынбыз. Ол жерде екі аптадай жұмыс процесімен танысады. Кейін келіп, шетелдік мамандармен станокта жұмыс істеуді үйренеді. Осылайша істің 70 пайызын меңгереді.

Зауыт толық қуаттылыққа шыққанда тағы 180 маманды екі қолға бір күрекпен қамтымақ. Орташа жалақы көлемі 180 мен 200 мыңның арасын құрайды. Еңбеккерлерді ынталандыру үшін компания тағы бір механизм ойлап тауыпты.

Мақсат Үсенбаев, “Петропавл электротехникалық зауыты” ЖШС директоры:

– Биылдыққа ескі 40 пәтерлі ғимаратты алып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жұмысшыларға беруді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы 104 пәтерлі үйді тұрғызып, жұмысшыларға беруге дайынбыз. Олар кемінде 5 жыл бізде жұмыс істеулері керек. Баспана пайызсыз несиеге беріледі.

Соның өзінде техникалық білімі бар солтүстікқазақстандықтар аса ұмтылыс танытып жатқан жоқ. Серіктестік қазір еліміздің оңтүстік өңірлерінен жұмысшыларды іздестіруде. Білікті мамандар табылған жағдайда отбасыларымен көшіріп, пәтер кілтін қолдарына ұстатпақ. Инвесторлар қолға алған бағытқа Мәжіліс депутаттары оң бағасын беруде. Халық қалаулылары өз еңбеккерлерінің жағдайын ойлайтын кәсіпорын көпке үлгі дейді.

Эльмира Садвокасова