Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі тұрғындарды онлайн қабылдау өткізді

Самат Нұрманов Гагарин көшесіндегі 6 және 6А үйлердің тұрғындарының атынан өтініш жасады. Оларға 2015-2016 жылдары жалдамалы үйлерден 5 жылға пәтер берілді. Осы мерзім ішінде Отбасы банкінде бастапқы жарнаны жинап баспаналы болулары керек еді. Көпшілігі бұл мүмкіндікті пайдаланды. Алайда, 20 шақты тұрғын әлі күнге дейін пәтерлерін босатқан жоқ. Енді олар жалға алу мерзімін ұзартуды сұрайды

Самат Нұрманов, қала тұрғыны:

– Жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқандардың басым бөлігі Отбасы банкіндегі шоттарында кемінде 1,5 млн теңге жинады. Алайда, олардың басым бөлігі әкімдіктің кезегінде тұрмағандықтан мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, арзан пәтерлерге қолжеткізе алмайды. Қалғандары олар үшін өте қымбат. Сұрайтынымыз жалға беру мерзімін тағы 1,2,3 жылға дейін ұзартсаңыз.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіздермен келісім шарттың мерзімін заң бойынша ұзарта алмаймыз. Пәтер кезегінде тұрмағандар Отбасы банктің «Шаңырақ» бағдарламасымен емес, басқа банктерде жүзеге асып жатқан “7-20-25” бағдарламасына қатысып баспана мәселесін шеше алады. Банк өкілдері, бұл тұрғындарға тиісті түсіндіру жүргізіңіздер.

Қуандық Таласпаев облыста отбасылық фермалардың негізінде ауылшаруашылықпен айналысам деушілерді оқыту курстарын ашпақшы.

Қуандық Таласпаев:

– Жобам бойынша Петропавл маңында бірнеше отбасылық ауыл шаруашылығы фермасын құрып, бұл салаға қызығушылық танытқандарды 1-2 айдай шаруашылық жүргізудің қыр-сырына үйрету. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдері нарықта үлкен сұранысқа ие. Мемлекеттен қолдау да бар. Алайда, бұған дейін мал ұстап көрмегенге бұл салада кәсіп бастау қиын. Осындай адамдарға көмектессек дейміз.


Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жуырда қабылдауымда БҰҰ-ның өкілі болып, сіздің жобаңызға ұқсас жобаны іске асыру үшін қолдау сұрады. Біз қарсы емеспіз. Аппарат басшысына беретін тапсырмам – Қуандық Таласпаевты сол ұйыммен байланыстырып, ортақ жоба құруға септесіңіздер.

Кәсіпкер Азамат Тілеубергеновтің ауыл шаруашылығы басқармасына өкпесі қара қазандай. Оның компаниясы 2018 жылдан бері дақыл тұқымының сапасын сараптаумен айналысып келеді. Биыл мемлекеттік тапсырысты «Агролаб» кәсіпорны жеңіп алды. Азамат Тілеубаевтің айтуынша басқарма тендерді дұрыс өткізбеген, ал жаңа компания жұмысын тиісті деңгейде орындамай жатыр.

Азамат Тілеубергенов, кәсіпкер:

– Конкурсқа қатысқандардың өтініштерін қарау барысында біз «Агролаб» компаниясының қажетті құзыры жоқтығын, бұл жұмысты орындай алатын тиісті мамандарының жоқтығын байқадық. Мысалы, конкурс 12 лоттан тұрды, әрқайсысына кем дегенде 1 сарапшы қажет. Бұл компанияда – небары 7 сарапшы, олардың басым бөлігі – университетті жаңа бітірген жас маман.

Бұл мәселе бойынша облыс әкімі тиісті органдарға тапсырма беріп, мән-жайды анықтауды, қажет жағдайда тергеу шараларын бастауды ұсынды.

Алтынай Казиканова