БалаларҚоғам

«Мерейлі отбасы» облыстық байқауының жеңімпаздары анықталды

Аудандық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстық байқауға жеткен отбасылардың бірі – Сағындықовтар жанұясы. Небиюла Сағындықов пен Алма Сағындықова – 5 баланың ата-анасы. Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтеріп, отау құрғандарына биыл – 40 жыл. Бүгінде олар – ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отырған ардақты ата мен әже. Отағасының сөзінше баланы тәрбиелеу ең алдымен өзіңнен басталады. “Өзің қандай болсаң балаларың да сондай болады” – дейді.

Небиюла Сағындықов, байқауға қатысушы, Мамлют ауданы:

– Менің ата-анам мені бала кезден ерінбей еңбек етуге үйретті. Осының арқасында талай жетістіктерге жеттім. Өзімнің ұл-қыздарымды да дәл осы қағидамен тәрбиеледім. Бүгінде туған ауылымыздың көркеюіне үлес қосып, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, үлкендердің батасын алып, кішілердің құрметіне бөленіп жүрміз.

Сағындықовтар жанұясының Токаревка селосында өздерінің мал өсіру бағытындағы “Хуландой” серіктестіктері бар. Кәсіпорындағы орташа жалақы 150 мыңның үстінде екен. Небиюла Сағындықов ауылға өз есебінен таза ауызсу тартып, жолды жөндеп берген. Еңбекқор әрі үлгілі отбасы «Мерейлi отбасы» республикалық байқауының облыстық кезеңінде 2-ші орынға ие болды.

Ал Шал ақын ауданында тұратын Крейдундер жанұясы байқаудың жеңімпаздары атанды. Бұл отбасы – адалдық пен мейірімділіктің үлгісі. Сергей мен Инна Крейдундар 28 жыл бұрын шаңырақ көтерген. Бақытты жанұяда 2 бала дүниеге келген. Алайда, ерлі-зайыпты отбасыларының үлкен болғанын армандаған. Сондықтан, армандарын орындап, тағы бірнеше бүлдіршінді бақытты қылу үшін балалар үйінен 5 бірдей ұл-қызды асырап алыпты.

Инна Крейдун, байқауға қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Балаларымызды махаббатпен тәрбиелейміз. Ешкімді ешқашан бөлектемейміз. Барлығын өзімнің туғанымдай көремін. Ең бастысы отбасымызда бір-бірімізге жалған сөйлемейміз. “Қандай жағдай болмасын әрқашан шындықты айт”, – деп үйретеміз. Осылайша әр бала ата-анаға жақын болады.

Үшінші орын Ақжар ауданынан келген Бекенайлар жанұясына бұйырды. Жалпы, конкурсқа қатысқан отбасылардың сертификаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаздарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов құттықтады.

Кемел Оспанов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:

– Жыл өткен сайын еліміз бойынша отбасылардың саны артып келеді. Отан – отбасынан басталады. Дегенмен туған елге деген махаббат алдымен шаңырақтан бастау алады.

Биыл «Мерейлi отбасы» байқауы жергілікті жерде 2 кезеңмен өтті. Конкурсқа 29 отбасы қатысқан.

Дана Ешкенова