ӨнеркәсіпҚұрылыс

Биыл өңірдің өндіріс саласында 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда

Тез дайындалатын азық-түліктен бастап пластик пен сабынға дейін. “Радуга” серіктестігі – заман талабына жылдам бейімделетін компаниялардың бірі. Жергілікті инвестор тауар аталымын жылда кеңейтіп, санын 50-ден асырды. Өндіріс ошағы мұнымен тоқтап қалар емес. Кәсіпорын қағаз фабрикасын іске қоспақ. Қазір болашақ зауыттың нысаны қалыпқа келтірілуде. Жоба жұмысын бастағанда дүкен сөрелерінде “СҚ-да жасалған” брендімен майлық, гигиеналық және кеңсе қағаздары пайда болады.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағына қосылуға ниет білдірген инвесторлар қатары көбейіп жатыр. Петропавлда орауыш және пигменттелген қағаз шығаратын зауыт ашу көзделген. Бұл қазақстандық-қытайлық жоба болады. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 100 мың тоннаны құрамақ. Өндіріс ошағын іске қосуға 15 млрд тг құйылып, 100 жаңа жұмыс орны ашылады. Фабрика ретінде тұралап қалған нысан таңдалды. Ғимаратты жаңғыртудан өткіземіз, қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

“Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы 2019-да құрылды. Бірнеше айдан соң бірегей жобаның жемісін көреміз. Claas неміс компаниясы біздің өңірде алғашқы комбайнын жинады. Орақ науқанына дейін кәсіпорын 92 техника құрастыруды жоспарлап отыр. Зауыт іске қосылғанан кейін ауыл шаруашылығы паркін жаңартуға мүмкіндік тумақ. Тауардың құны біздің аграрийлер үшін едәуір төмен болады. Әрі шетелдік техника жөндеу үшін механизаторлар бөлшек іздеп әлек болмайды. Өңірде құрылыс материалдарына қатысты мәселені біржақты ету де қолға алынды.

Дәурен Жандарбек, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазір газоблок пен плита шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Қытайдан қажетті қондырғылар жеткізілуде. Монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Автоклавты газобетон өте сапалы және берік. Нарықта сұранысқа ие.

Болашақ кірпіш зауытында да қондырғыларды монтаждау жүргізіліп жатыр. Қызылжар ауданындағы өндіріс ошағы үстіміздегі жылы іске қосылмақ. Жобаны жүзеге асыруға 1,5 млрд теңге инвестиция құйылды. Кәсіпорында тәулігіне 150 мың дана кірпіш шығарылады деп жоспарланған. Осылайша жергілікті компаниялар сұранысының 30 пайызын өтейтін болады. Құрылыс демекші, өлкеде баспана мен әлеуметтік маңызы бар нысан салу қарқынды жүріп жатыр.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Қозыбаев университетінің жаңа оқу корпусының құрылысы жалғасуда. Бағытталған 7,9 млрд теңгенің 3,3 млрд-ы игерілді. Бүгінде 11 қабатының 8-і бой көтерген. Жұмыс ағымдағы жылдың желтоқсанында аяқталмақ. 1200 орынға арналған екі жатақхананың жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. Жоба қазір сараптамадан өтуде.

Өткір тұрған жол мәселесін шешу үшін биыл 24 млрд теңге бөлініпті. Жөндеу жұмыстарымен облыстық маңызы бар 700 шақырым қамтылады.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бізде ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан проблема бар. Жол салып, су өткізіп, әлеуметтік маңызы бар нысандарды қалыпқа келтіруге бюджеттен уақытылы ақша бөлінеді. Бірақ, жобалық-сметалық құжаттамасы дайын болмай жатады. Конкурстар желтоқсан айында өткізілуі тиіс. Қазір жаздың бел ортасы болды, кейбір жөндеу жұмыстары бойынша әлі күнге дейін байқау ұйымдастырып жатырмыз.

Салдарынан құрылыс және жөндеу процестері айтарлықтай тежеледі.Өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов аудан әкімдері мен жауапты басқарма мамандарына мәселені ретке келтіруді тапсырды.

Эльмира Садвокасова