Білім

Студенттер жол сапасын тексеруді үйренуде

Серік Бисұлтанов – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті. Игеріп жатқан мамандығы – техник-құрылысшы. Қазіргі таңда ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыстық филиалының зертханасында өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр.

Қазір Серік қиыршық тасты електен өткізіп жатыр. Тастың ұсағы елеу барысында арнайы жәшіктің астына түседі, үлкендері үстіңгі жағында қалады. Кейіннен барлығы таразыға тартылады. Содан соң математикалық есептеуді қолдана отырып, қоспаның тығыздылығы мен қаттылығы анықталады. Сондай-ақ, тастардың сумен қанығуына да арнайы сараптама жүргізіледі. Бұл жұмысты Серік тасжол салуға арналған тас қоспаларының тиісті нормаға сәйкестігін білу үшін істейді екен.

Серік Бисұлтанов, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

– Бұл жерге өткен жылы келіп, өндірістік тәжірибеден өттім. Өзіме қатты ұнады. Сол себепті, биыл да осында келуді жөн көрдім. Қиыршық тастан бөлек құмды да зерттеп, сараптама жасаймыз. Алдағы уақытта оқуымды аяқтап, жоғары білім алып, осында жұмысқа тұруды көздеп отырмын.

Бүгінде бұл орталықта Серіктен бөлек тағы 3 студент тәжірибе жинақтауда. Олар – жоғары оқу орындарының студенттері. Қолдарына дипломдарын алғаннан кейін жас мамандарға осы жерге келіп, еңбек етулеріне болады.

Жолдыбай Тентеков, “Ұлттық жол активтері сапасы орталығы” РМК СҚО бойынша филиалының директоры:

– Өткен жылы бұнда 5 студент тәжірибеден өтті, ал биыл 4 адам білімдерін толықтырып жатыр. Маусым айында келген студенттер қараша айына дейін жүреді, жұмыс барысымен танысады. Уақыт өте келе өз беттерінше зерттеулер де жасай бастайды.

Айта кету қажет, мұнда студенттер тәжірибе жинақтаумен ғана шектелмейді. Оларға ай сайын 75 мың теңге көлемінде айлық төленеді.

Алдияр Айтпаев