Бизнес және экономика

Трасса бойындағы дәмханалардың сапасы – назарда

Петропавл-Жезқазған бағыты, Есіл ауданына қарасты Покровка селосына бұрылыста орналасқан дәмхананы білетіндер аз емес. Алыс жолға шыққан жандар ас ішу үшін дәл осы жерге тоқтап жатады. Марат Жамбылов – ауыр жүк көлігінің жүргізушісі. Күндіз-түні тауар тасып, қала мен аудандар арасында қатынайды. Үнемі – жолда. Сол себепті, үйдің тамағын қатты сағынады екен.

Марат Жамбылов, жүк көлігінің жүргізушісі:

– Дәмхананың жанынан өткен сайын тоқтап, тамақтануға кіремін. Себебі, тағамдары өте дәмді, ал бағасы қалта қақпайды. Жүк көлігінің жүргізушісі ретінде 6 жыл жұмыс істеп келемін. Осы аралықта жол бойында орналасқан нысандар кейпінің жақсарғанын байқауға болады. Бұл дәмханың да іші-сырты едәуір оңалыпты.

Сөрелері бос, сырты көнерген, едендері әбден тозған. Бұл – дәмхананың 2005 жылдағы кейпі. Лидия Гарагуль мен күйеуі оны дәл осындай жағдайда сатып алыпты. Жөндеу жүргізіп, ғимаратқа жан бітірген. Бірақ, жаңғырту жұмыстарын кәсіпкерлер жыл сайын жүргізетін көрінеді. Жуырда бизнесмендер дәмханаға қабырғалас екіқабатты нысан тұрғызыпты. Біріншісінде – қазақи нақыштағы асхана, екіншісінде мейманхана бар. Алдағы уақытта мұнда ана мен бала бөлмесі және банкет залы да орын теппек.

Лидия Гарагуль, кәсіпкер, Есіл ауданы:

– Біздің мақсатымыз – келушілерге барыншы қолайлы жағдай жасау. Ісімізді өркендетуге инвестиция құюды әдетке айналдырдық. Құрылысқа қажет 30 млн теңгені “Даму” қорынан несиеге алдық. Қалғанын жеке қаражатымыздан үлестірдік. Мұнымен тоқтап қалмаймыз, сервисті әрмен қарай дамытамыз.

Есіл ауданындағы “Жастық шақ дәмханасы” – көпке үлгі. Себебі, трасса бойында қызмет көрсететін нысандардың мәселесі өңірде өткір тұр. Облыс аумағында олардың саны 130-ға жуықтайды. Алайда, барлығын бірдей стандартқа сай деуге келмес. Проблеманы біржақты етуді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов аудан әкімдеріне жүктеді. Яғни, іші мен сыртқы кейпі тәбет қаштыратын дәмханаларды қалыпқа келтіру қажет деген болатын.

Эльмира Садвокасова