Құқық қорғау органдары

Трактор аламын деп 750 мың теңгесінен айырылды

Зейнетке шыққалы жатқан қала тұрғыны шағын трактор сатып алмақшы болады. OLХ сайтын ақтарып, бағасы арзандауын іздеген. 650 мың теңгенікін тауып, сатушысымен байланысыпты. Бәзбіреу: «Техниканы басқа қаладан алып кету керек»,-деп ер адамнан алдын ала жол төлемдеріне 150 мың теңге жіберуін сұраған. Петропавлдық бұл сөзге иланып, дереу несие рәсімдеп, тиісті соманы жіберіпті. Дегенмен, алаяқтар мұнымен тоқтамаған.

Интернет-алаяқтар: «3-4 күн күтіңіз, көлік кетті»,-деп сендірген. Алайда, трактор да, ақша да жоқ. Содан алданғанын түсінген тұрғын полицейлерге жүгінген. Нәтижесінде аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі – «Алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Қазіргі күні тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Осы орайда мамандар киберқылмыскерлердің OLХ сайтында жиі кездесетінін ескертеді. Жыл басынан бері тіркелген 335 интернет-алаяқтықтың 103-і дәл осы қосымшада орын алған.

Сәбит Бағытов, СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі :

– Интернет-алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін жеке мәліметтеріңіз бен PIN-кодтарыңызды, банк карталарының кодтарын, шоттарыңыздың нөмірлерін ешкімге айтпаңыздар. Сондай-ақ, сайттағы хабарландыруды егжей-тегжейлі тексеріп алған дұрыс. Ең бастысы – алдын ала төлем жасамау керек. Егер біреу хабарласып, өздерін банк қызметкері ретінде таныстырса – жеке ақпаратты мүлдем айтпаған жөн.

Полицейлердің айтуынша, алаяқтардың құрығына көбінесе нәзікжандылар түсіп жатады. Облыста мұндай 200-ден астам факті тіркелген.

Алтынай Казиканова