Қоғам

Этномәдени бірлестік өкілдері қала күнін атап өтті

Бүгінгі шараға Виктория Пытьева украин мәдени орталығының атынан қатысып отыр. Жеткіншекке бәрінен де «Разбей горшок» ойыны ұнаған екен. «Ойын біраз күшті талап етсе де көңілім әжептәуір көтеріліп, бір серпіліп қалдым»,- дейді. Өзі де өзге орталықтардың өкілдеріне украин ұлтының ойынын таныстырды.

Виктория Пытьева, “Украин мәдени орталығы” ҚБ мүшесі:

– Мен бүгін өзге этномәдени орталық өкілдерін «Веточка» ойынымен таныстырамын. Алдымен қатысушылар бір шеңберге жиналады. Ортасында тұрған адам көзін жұмып, гүлдестені тағуы керек. Ойынға қатысып жатқандар қолымдағы өсімдік сабағын бір-біріне жасырып беріп отырады. Ортадағы жан бұл заттың кімде екенін тауып алса жеңіске жетеді.

Түрік, татар, беларус. Барлығы – 7 ұлт өкілі. Әрқайсысы өзінің ұлттық ойынын ұсынып, байқауға белсене ат салысты. Мәселен, «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығы көпке танымал 2 ойын дайындап әкеліпті. «Сабан тойларда дәстүрлі түрде ұйымдастырылып жүргендіктен, ойыншылар бірден қағып алды»,-дейді орталық төрағасының орынбасары Мнира Куспанова.

Мнира Куспанова, «Дуслык» татар-башқұрт қоғамдық орталығы төрағасының орынбасары:

– Бүгін татар ұлтының ең қызықты, көпшілікке жақсы таныс деген ойындарын ұсынып отырмыз. Қатысушылар да барлығынан хабардар екен. Көп түсіндіріп әуре болмадық. Айта кеткен жөн, биыл “Дуслык” орталығының құрылғанына 32 жыл толып отыр.

Жалпы, Достық үйінде ұйымдастырылып отырған жиын қала күніне арналды. Ойын соңында қатысушылардың әрқайсысы дипломмен марапатталып, сый-сыяпатқа ие болды.

Алтынай Казиканова