Білім

Петропавлда су шаруашылығының мамандарына арналған институт ашылды

Бүгінде өз салаңда кәсіби білікті, білімді маман болам десең бір орында отырмау қажет. Әрдайым заман талабына сай дамып, біліктілігіңді арттыру керек. Мұнымен “Қазсушар”-дың Павлодар филиалының бас инженері Серік Марденов те келіседі. Ер адам су шаруашылығы бағытында 15 жылдан астам еңбек етеді. “Басты мақсатымыз – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету” – дейді. Ал ол біраз еңбекті талап етеді.

Серік Марденов, «Қазсушар» ШЖҚ Павлодар филиалының бас инженері:

– Жыл сайын технологиялар күрделене түсуде. Сондықтан, заман талабына сай мамандар да біліктіліктерін арттырып отырулары қажет. Жуырда Петропавлдағы “Есіл су” филиалында “Таза су” атты біліктілікті арттыру институты ашылады дегенді естіп бірден курстарға жазылдым. Мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалу қажет.

Серік Марденовпен бірге Павлодардан Петропавлға тағы бірнеше әріптесі келіпті. Олар аққайыңдар өлкесінде 15 күндей болмақ. Павлодарлықтармен қатар су шаруашылығында қызмет ететін жергілікті мамандар да курстарға қатысуға ниет білдірген. Жалпы, бұл салада кәсібилікті арттыру мақсатында алғаш рет елімізде 2 бірдей институт ашылып отыр. Біреуі – Алматы қаласында, ал екіншісі Қызылжардағы “Есіл су” филиалында пайда болды.

Иван Кендюх, “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” СҚФ директорының кеңесшісі:

– Су шаруашылығы мамандары үшін институт не себепті біздің филиалда ашылды деген сұрақ туындауы мүмкін. Өйткені, “Есіл судың” магистральдық су құбыры ұзын. Ол 3 мың шақырым жерге бойлаған. Сондай-ақ, бізде жақсы тәжірибе базасы қалыптасқан.

Бүгінде “Есіл су” филиалы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен тәжірибе алмасу жөнінде меморандум жасасқан екен. Сондай-ақ, біліктілікті арттырамын дейтін жандармен шетелдердің де білікті мамандары тәжірибелерімен бөліспек. “Таза су” институтының ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев қатысып, халықты сапалы сумен қамтамасыз ету – еліміз үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.

Сәтжан Аблалиев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ел бойынша 2025 жылға дейін таза ауыз сумен ауыл тұрғындарының 98 пайызы қамтылуы қажет. “Таза су” институты су шаруашылығындағы кадр тапшылығы мәселесін шешуге және тәжірибелі маман даярлау бағытында өз үлесін қосады деген сенімдемін.

Бүгінде біліктілікті арттыру курстарына 10 адам қатыспақ. Келесі аптада тағы да осыншама жан оқуға кіріседі. Барлығы – теориялық және практикалық сабақтарға 72 сағат қарастырылған.

Дана Ешкенова