Білім

Облыста 56 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

46 жыл бұрын төселген ағаш еден жаңаланып жатыр. Үстінен ДСП-пен жабылады, кейін линолеум жайылады. Осылай 3 қабатты мектептің 3 мың шаршы метрі өзгереді. Тек 1-ші қабатқа плитка төселеді екен. 3-ші қабаттың терезелері ауыстырылған, қабырғалар тегістеліп жатыр, кейін үстінен боялады. Маусым айының ортасында басталған іске республикалық бюджеттен 130 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жөндеу жұмыстары “Доломит” серіктестігіне сеніп тапсырылған.

Дәулет Қамалиев, мердігер серіктестіктің шебері:

– Мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 30 пайызы тыңдырылды. Ғимарат ескі болғаннан кейін қабырғаларының бедері біркелкі емес, оны түзейміз. Жөндеу шараларына 30-ға тарта адам тартылған. Атқарған жұмысымызға 3 жылға дейін кепілдік береміз.

Большая Малышка орта мектебі 75-ші жылы қолданысқа берілген. 170-ке жуық оқушы білім алады. Жарты ғасырға жуық тарихы бар білім ұясында бұған дейін күрделі жөндеу жүргізілмеген екен. Соңғы рет – ал бұл 8 жыл бұрын кіреберістегі терезелер ғана ауыстырылыпты.

Наталья Машкина, Большая Малышка орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Бұрын жауын жауса төбеден су ағатын. Қыстыгүні жылу құбырлары бітеліп қалатын еді. Сымдар да ескірді. Осының барлығы жаңа оқу жылына дейін ауыстырылады.

Әзірге, жөндеу жұмыстары мектептің ішкі жағын қамтыған. Кейін шатыры ауыстырылады, оқу ұясының алдына тас төселеді.

Жалпы, биыл облыс көлемінде 56 мектеп жөндеу көреді. Бұл бағытқа 4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бейінді басқарма өкілдерінің айтуынша жөндеу жұмыстарының барлығы – күрделі.

Владимир Ткаченко, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 30-ға жуық білім мекемесін жөндеу жұмыстарына 3 млрд 152 млн теңге қаражат бөлінген. Ал облыстық бюджеттен 20-дан астам нысанға 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, мектеп ішіндегі қазандықтарды сыртқа шығаруға 95 млн теңге бөлу жоспарланып отыр.

Жоспарға сәйкес барлық мектептердегі жөндеу жұмыстары тамыздың 25-іне дейін аяқталуы тиіс.

Алдияр Айтпаев