ТЖ

Құтқарушылар өзен-көлдерде кезекті мәрте рейд өткізді

Құтқарушылар ең алдымен Пестрое көліне барды. Демалушыларға жадынама таратып, тиісті ережелерді түсіндіріп өтті.

Сағат кешкі 6-лар шамасы. Бұл уақытта қала тұрғындарының біразы жұмыстан шығып, көл маңайына жиналған. Көптің ішінде Антон Бауэр де бар. 33 жастағы азамат: «Мұнда жиі келіп тұрамын»,- дейді. Өзі ғана емес, негізінен, достарымен құмда волейбол ойнап, уақытын көңілді өткізеді екен. Дегенмен, қауіпсіздік ережелерін де естен шығармайды.

Антон Бауэр, қала тұрғыны:

– Күн ыстық болса, жұмыстан шығып бірден Пестрое көліне келемін. Өзім қауіпсіздік ережелерін барынша ұстануға тырысамын. Жүзе аламын, алькогольдік ішімдік ішпеймін. Осы жердің өзінде белгі тұрған сызыққа дейін ғана шомыламыз.

Соңғы кездері өңірде су айдындарында төтенше жағдайлардың жиілеп кеткені баршаға мәлім. Сол үшін мамандар волонтерлермен бірге жиі рейд өткізіп тұрады. Әсіресе, шомылуға рұқсат етілмеген орындарға көп көңіл бөледі. Қызметкерлердің сөзінше, қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алып жатады. Және адамдардың көпшілігі масаң күйде болып, арты өкінішке әкеліп соғады.

Мұрат Қанғожинов, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Су айдындарында балаларды мүлдем қараусыз қалдыруға болмайды. Қас қағым сәтте оқыс жағдай орын алуы мүмкін. Шомылуға рұқсат етілмеген орындарға бармау керек. Өйткені, ол жердің қаншалықты терең екендігі белгісіз. Батып кетпесіңізге кім кепіл? Ондай жерлерде құтқаруға арналған құрылғылар мен мамандар да болмайды. Сондықтан, барынша абай болуға шақырамыз.

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кейін Черное көліне аттанды. Бұл жер суға түсуге рұқсат етілмеген аймақ болып табылады. Оны елеп жатқан жандар шамалы. Мамандар келушілерге ескерту жасап, неліктен шомылуға болмайтынын айтты.

Жалпы, облыс аумағындағы 58 су айдынында ғана шомылуға рұқсат етілген. Демалыс күндері құтқарушылар Қызылжар ауданына қарасты Бәйтерек ауылының маңында, қалалық жағажайда және Черное көлінде кезекшілік атқарады. Айта кетейік, өңірде суға түсу маусымы басталғалы 16 адам батып кеткен. Соның ішінде төртеуі – бала.

Алтынай Казиканова