Ауылдық округ әкімдерінің сайлауы қалай өтеді?

МТРА жаңалықтары

22:23 12 Шілде 2021

Сайлауалды науқан маусымның 26-сынан бастау алды. Содан бері селолық округ әкімі лауазымына тағайындалуға ниеттенгендердің саны 237-ні құрапты. Олардың небәрі 74-і саяси партиялардан ұсынылған. 163-і болса, басшы рөліне өз-өздерін лайық деп танып отыр.

Кандидаттар – түрлі сала өкілдері. 110 адам мемлекеттік қызметте жұмыс істейді. Оның ішінде 43-і дәл қазір ауылдық округ әкімі ретінде тер төгіп жүр. Барлығы бірдей қызметін жалғастырмақ ниетте. Тек біреуі ғана өзі басқаратын селолық округті басқасына ауыстыруды жоспарлауда. Үміткерлердің 37 пайызы – бюджеттік ұйым мамандары. Тағы 5 процент коммерциялық құрылым өкілдеріне тиесілі. Ал 6 адам уақытша жұмыссыз.

Тілеген Қаскин, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Үміткерлердің арасында «Болашақ» бағдарламасының түлегі бар. Ол Уәлиханов ауданына қарасты Қайрат селолық округіне сайланбақшы. Кандидаттардың жоғары біліміне келетін болсақ, 38 пайызын – педагогтар, 17 пайызын – заңгерлер, 15-ін экономистер құрайды. Ал 19 адам ауыл шаруашылығы саласының мамандығын игерген.

Тұрғындар сайлау кезінде кандидаттың мамандығына, еңбек өтілі, тәжірибесі мен жасына қарайтыны айдан анық. Бұл ретте ең жас үміткер 27-де екен. Ал үлкені 62-ден асқан. Шілденің 9-ы үміткерлерді ұсыну кезеңі аяқталды. Десе де 237 адамның барлығы бірдей келесі кезеңге өте алмады. Тексеріс барысында 14 азаматтың құжаттары талапқа сай келмейтіндігі анықталды. Бүгінде қалған кандидаттарды тіркеу жүргізілуде.

Тілеген Қаскин, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы:

– Өз-өздерін ұсынған кандидаттар тұрғындардың кемінде 1 пайызының қолдауына ие болуы қажет. Үміткерлердің 98-і халық арасында қол жинап, арнайы қағазды тапсырды. Алайда, тек 81-і ғана ауылдағы ағайынның қолдауына ие болды. Сөйтіп, тағы 17 адам шеттетілді. Қалғандары тіркеуден шілденің 14-і кешкі 6-ға дейін өтіп үлгеруі қажет.

Тіркеу кезеңі өз мәресіне жеткен соң, үгіт-насихат жұмыстарына рұқсат етіледі. Науқан шілденің 24-іне дейін жалғасады. 9 күннің ішінде кандидаттар жадынама таратып, ауылдарды аралап, өздерінің бағдарламаларын жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауы қажет. Шығынның барлығын мемлекет өтейді. Селолық округ әкіміне үміткерлерге – 220, ал аудандық маңыздағы қала әкімдерінің үміткерлеріне 230 мың теңге төленеді.

Эльмира Сәдуақасова, тілші:

– Естеріңізге сала кетейік, шілденің 25-і өңірдегі 70 ауылдық округ пен Мамлютка қаласының жаңа әкімі сайланады. Қазіргі басшылардың 61-інің жұмыс істеу мерзімі аяқталыпты. Ал 10-ы өз лауазымдарын уақытынан бұрын босатқан. Сайлау науқанына облыс бойынша 218 елді мекеннің азаматтары қатыспақ. Алайда, 54 селода арнайы учаске жұмыс істемейді. Уайымдаудың қажеті жоқ, тұрғындар жақын маңдағы ауылға жеткізілетін болады.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

2021 жылғы 03 шілдедегі “МТРА жаңалықтары” қорытынды ақпараттық бағдарламасы
СҚО-да жыл басынан бері 50-ден астам жалған жарнама анықталған
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталды
Сайлауға 3 күн қалды
Субсидиялау мәселесі сөз етілді
СҚО-да бір күнде екі жазатайым оқиға болды
ЕАЭО елдерімен сауда-саттық көлемі
Есіл ауданында 7 ауылдық округке жаңа әкім сайланады
Сайлаудың алдын ала қорытындысы жарияланды
Қасым-Жомарт Тоқаев Аризона университетінің делегациясымен кездесті
2020 жылы өнеркәсіп өндірісінің жалпы индексі 105,1%-ды құрады
93 жастағы қария алаяқтарға 300 мың теңге берген