Спорт

Теріскейлік атлет Ирина Эктова Токио Олимпиадасына қатысады

Бұған дейін Олимпиада лицензиясына қол жеткізген спортшылар туралы айтқан болатынбыз. Солардың бірі – Ирина Эктова. Бүгін спортшымен хабарласудың сәті түсіп, жарыс алдындағы дайындығын сұрастырдық.

Теріскейлік спортшы дүбірлі додада үш қарғып секіруден сынға түседі. Бұл – атлеттің спорттық мансабындағы 4-ші олимпиадасы. Бұған дейін Ирина 2008 жылы – Пекинде, 2012 жылы – Лондонда, және осыдан 5 жыл бұрын Риода откен байрақты бәсекеде бақ таластырған. Бірақ, спортшы жүлде иеленбеген. Биылғы олимпиада лицензиясына спортшы Бішкек қаласында өткен халықаралық жарыста қол жеткізген екен. Бұл жарыста спортшы 14 метр 34 сантиметрге қарғып секірген.

Ирина Эктова, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Мен бұл нәтижеммен Олимпиада нормативін орындадым. Әрине, Токиоға жолдама алғанымды естіген қуанып қалдым. Себебі, бұл лицензияны иелену үшін көп тер төктім. Оның үстіне бұл спорт үшін жасым да біршамаға келіп қалды. Бұрындары өзімнің ойлағаным жеңіл орындалатын. Олимпиада медаліне келер болсақ, ол жағын уақыт көрсетер, алдын ала болжамай-ақ қояйын.

Алдияр Айтпаев