COVID-19: Қазақстан

«Севказэнерго» АҚ 1 мыңнан астам қызметкері иммундау шарасынан өтті

Иммундау шарасынан өтпес бұрын әр адамның қан қысымы мен дене температурасы өлшенеді. Сондай-ақ, мамандар иммундау вакцина алғалы жатқан жандардан “Қандай да бір препаратқа аллергияңыз бар ма”? – деп сұрап алады. Екпе салған соң кейін 2-3 күн бойы бірнеше ережені сақтауға кеңес береді.

Дәл қазір дәрігердің қарауында – Ольга Сибагатуллина. Нәзікжандының денсаулығы жақсы, еш олқылық анықталған жоқ. Нәзікжанды екпе егу кабинетіне жіберілді. Ольга Владимировна Петропавл 2-ші жылу электр орталығында химиялық цехтің бастығы болып еңбек етеді. Айтуынша, өзі басшылық ететін цехта 54 адам жұмыс жасайды. 30-дан астамы иммундау шарасынан өткен. Қалғандары бүгін екпе салдыртуда. “Басты мақсатымыз – ұжымдық иммунитет қалыптастырып, әріптестерімізді қауіп-қатерден қорғау” – дейді Ольга Сибагатуллина.

Ольга Сибагатуллина, Петропавл 2-ЖЭО химиялық цехінің бастығы:

– Жаңа ғана иммундау шарасының бірінші кезеңінен өттім. Таңдағаным – ресейлік “Спутник V”. Көбі осы екпені салдыртып жатыр. Жақындарым да осы вакцинаны қойдыртты. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Кейін дене температурасы көтерілуі мүмкін. Бұл жайында дәрігерлер алдын ала ескертті. Үлкен ұжымда жұмыс істейтіндер үшін мықты иммунитет қажет.

Ольга Сибагатуллинадан кейін егу кабинетіне Дмитрий Демьяненко кірді. Ер адамның да таңдауы ресейлік “Спутник V”-ге түсіпті. 36 жастағы азамат вакцина қойдырмас біраз ойланыпты. Жақындары жаппай иммундау шарасынан өтіп жатқаннан кейін күмән сейілді, дейді.

Дмитрий Демьяненко, Петропавл 2-ЖЭО жылу оқшаулау учаскесі бастығының міндетін атқарушы:

– “Спутник V”-дің 1-ші компонентін қабылдадым. Негізі, медбикелерден құралған мобильдік топтың бізге келгені жақсы болды. Бір жаққа барып, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Уақытымызды үнемдедік”.

Петропавл 2-ші жылу электр орталығында иммундау шарасы сәуір айынан бері жүріп жатыр. Мұнда №3 қалалық емханасының арнайы мобилдік тобы аптасына 1-2 рет келіп, күніне 150 адамға дейін вакцина салады екен. Мамандар бүгін түске дейін 80-ге жуық адамға епке қойған.

Ақерке Телегенова, №3 қалалық емханасының учаскелік медбикесі:

– Бүгінгі күнде ТЭЦ-2 орталығының жұмысшылары өте белсенді екпе алуда. Бүгін түске дейін 77 адамға екпе қойдық. Түстен кейін 70 адамға вакцина қойылады деп жоспарланып отыр. Жалпы, екпе алған адамға қолын 3 күн сулауға болмайды және алкогольдік ішімдік ішуге болмайды. Екпеден кейін адамдарда дене қызуы көтеріліп, әлсіздік пайда болуы мүмкін және екпе алған жері ісуі мүмкін.

Жалпы, бүгінде “Севказэнерго” акционерлік қоғамында 2 мыңнан астам адам еңбек етеді. Бүгінге дейін олардың тең жартысы вакцинаның 1-ші компонентін салдырған. Ал 600-ден астам жұмысшы иммундау шарасының толық курсынан өткен.

Оксана Полын, «Севказэнерго» АҚ еңбек қауіпсіздігін қорғау қызметінің бастығы:

– Әр аптаның соңында жұмысшылар арасында тізім құрылады. Егер 30-дан астам адам вакцина қойдыртамын десе, мобильдік топты шақыртамыз. Жалпы, біздің қызметкерлеріміз иммундау шарасына белсенді ат салысуда. Көбі ресейлік “Спутник V”-ді таңдап жатыр. Бүгінге дейін жұмысшыларымыздың арасында ешкімнен кері әсер байқалмады.

Сөз соңында, облыстағы статистикаға тоқталып өтейік. Бүгінге дейін 79 мыңнан астам солтүстікқазақстандық иммундау шарасының толық курсынан өткен. Ал 15 мыңнан астам адам вакцинацияның 1-ші компонентін салдырған.

Дана Ешкенова