Аптадағы маңызды жаңалықтар

Сенаторлар М.Жұмабаев ауданында болды

Адам танымастай өзгерді. Полудино селосындағы фельшерлік-акушерлік пунктің іргетасы 1961 жылы қаланған. Қазіргі жағдайына қарасаң сену қиын. Ғимарат өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында толық жөндеуден өткен. Бұл мақсатқа 42 млн теңге бағытталды. Қаражаттың бір бөлігі жылу жүйесін ауыстыруға және нысан ішіне су кіргізуге бөлініпті. Қысқасы, ақ халаттылар үшін науқастарды қабылдап, ем-дом шараларын тағайындау үшін тиісті жағдай жасалған. Елді мекенде 1200-ден аса адам тұрады. Бірақ, емдеу мекемесіне одан бөлек Фурманова, Береке сынды жақын ауылдардан да келеді екен. Аптасына бір рет мұнда орталық аурухананың жалпы тәжірибедегі дәрігері қабылдау жүргізеді.

Әсемгүл Әубәкірова, М.Жұмабаев аудандық орталық ауруханасының жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Қарағанды медицина университетін тәмамдап, Булаево қаласындағы аудандық ауруханаға жұмысқа тұрдым. Маған бірден пәтер беріліп, көтермеақы төленді. Биыл еңбектеніп жүргеніме 3 жыл болады. Апта сайын Полудино селосына келемін. Былтыр ФАП-қа су жаңа жедел жәрдем көлігі берілді. Машинамен ауырып жатқан науқастарға барып, жағдайын тексеремін.

Медициналық мекеме қажетті қондырғылармен қамтылған. Мұнда, тіпті, тіс емдеуге арналған кабинет бар. Дәрі-дәрмек алу үшін де Булаево қаласына ат терлетіп барудың қажеті жоқ. Жергілікті дәріхана ең керек деген препараттармен қамтылған. Штат та толық. Ал тұрғызылып жатқан сүт-тауарлы фермаға келер болсақ, мұнда кадр аз. Құрылыстың созылуына да еңбек күшінің аздығы себеп болып отыр. Өндіріс ошағы шілде айының соңында іске қосылмақ. Кәсіпкер Мейрахмед Гасанов асыл тұқымды симментал мен голштино-фриздің барлығы 92 басын әкеліпті. Климатқа қайсысы жақсы бейімделіп, сүтті молынан берсе, соның санын көбейтпек ниетте.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Гольштино-фриз тұқымдас сиырлар өте сүтті. Ақты симменталдармен салыстырғанда 25-30 пайызға көбірек береді. Бірақ, көп калий жоғалтып, кейін сүйектері шыдамайды. Сондықтан, симменталдарды алған дұрыс. Ірі қараның бұл түрі әрі сүтті, әрі етті келеді.

Бүгінде сиырлар тәулігіне орташа есеппен 22 литр сүт береді екен. Ағымдағы айдың соңына дейін тағы 350 асылтұқымды ірі қараны жеткізу көзделіп отыр. Жалпы, сүт-тауарлы ферма 2 мың бас малға шақталған. Кәсіпорынды тұрғызуға бизнесмен жеке қаржысынан 1,8 млрд тг бағыттапты.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Сүт-тауарлы кешен заманауи өндіріс ошағы болмақ. Кәсіпкердің құйған қаражатының 25 пайызын мемлекет субсидиялайтын болады әрі әрбір ірі қараға 400 мың теңге көлемінде ақша төлейді.

Полудино селосындағы оң өзгерістер мұнымен бітпейді. Биыл ауылішілік жолдарды қалыпқа келтіруге 100 млн теңге бағытталыпты. Возвышенка ауылындағы ағайынның да арманы орындалды. Елді мекенге апаратын республикалық маңызы бар айналма жол 10 жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген. Жағдайдың ушыққаны соншалық, трассаның осы бөлігімен қатынағаннан кейін тұрғындар көліктерін жөндеуге өткізеді екен. Енді бұл проблема артта қалмақ. 3 шақырым болатын жолды жөндеуге 486 млн теңге бөлінген. Шаруаға мамандар мамыр айында кірісіпті.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Астықты апару – осы жол, бүкіл қарым-қатынас – осы жол. Облыстық әкімдік біздің қолдауымызбен қаражат бөліп, жақсы жұмысты бастап отырмыз. Жолдың конструкциясы мықты. Шаруа бір-екі айда бітеді деген сенімдеміз.

Жол мәселесінің шешілуі миграцияға нүкте қояйын деп отыр. Осыдан екі жыл бұрын селодан 20-30 отбасы көшіп кетсе, бүгінде бірлі-екілі ғана сыртқа қоныс аударады. Себебі, 2019-да елді мекенде су соратын станция тұрғызылып, ауылдағы үйлердің 95 пайызы тіршілік көзіне қосылған. Нысанның құрылысына қажет жобалық-сметалық құжаттамаға возвышенкалықтар бірігіп ақша жинаған. Бүгінде бір адам болып іске асырған жұмыстың жемісін көріп отыр. Алайда, ауылдағы ағайынды мазалайтын тағы бір сұрақ бар. Ол – мектепке дейінгі білім беру мекемесі. Селода балабақша бар. Бірақ, сыйымдылығы 50 бүлдіршінге ғана шақталған. Ал 5 жасқа дейінгі балғындардың саны мұнда 100-ден асады.

Галина Тарасова, Возвышенка селосының тұрғыны, М.Жұмабаев ауданы:

– Балабақшаның аумағы тым кішкентай. Бізде не спорт, не музыка залы жоқ. Әкімшілік пен өзге мамандарды отырғызатын кабинет те жоқ. Біздің ауылда бұрынғы әкімдіктің нысаны бос тұр. Ғимарат үш есе үлкен. Оны жөндеп бізге берсе нұр үстіне нұр болар еді.

Жергілікті кәсіпкер Иван Фиксельдің көмегімен нысан техникалық сараптамадан өткен. Ғимарат берік. Яғни, жөндеу жүргізіп, қолданысқа енгізуге болады. Сенаторлар бастаманы құптады. Депутаттар бұл өтінішті аймақ басшысы Құмар Ақсақаловқа жеткізетіндерін айтты.

Эльмира Садвокасова