Спорт

Токио Олимпиадасына теріскейлік 4 спортшы қатысады

Токиодағы Олимпиадаға баратын теріскейліктердің бірі – Михаил Литвин. Ол байрақты бәсекеде 400 метрге жүгіру бойынша сынға түседі. Қазіргі таңда спортшы соңғы дайындығын пысықтап, жолға дайындалу үстінде.

Михаил Литвин, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Алғашқы Олимпиадам болғаннан кейін тыңбай еңбек етіп, дайындалудамын. Токиодан бұрын Алматыға барып, соңғы оқу-жаттығу жиындарынан өтемін. Содан соң ғана Олимпиадаға барамын. Жарыс жолағына тамыздың 1-і күні шығамыз. Жартылай финалға өтіп алсам, әрмен қарай жүлдеге де таласа жатармын.

Спортшы бұған дейін талай жарыста топ жарған. Қазақстан бойынша 45,25 секунд уақытымен абсолютті рекорд орнатқан. Енді Михаил алдағы байрақты бесекеде жүлде үшін тартысқа түседі.

Михаил Литвин, жеңіл атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Олимпиада жүлдесін алу – ол әр спортшының арманы. Қазақстанның атынан барғаннан кейін мойныңа үлкен жүк артылады, жауапкершілікті сезінесің. Бүкіл ел саған үміт артады. Жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын.

Байрақты бәсеке 23-ші шілде күні басталады. Төрт жылдықтың басты додасына 24 спорт түрінен 96 қазақстандық спортшы қатысады. Соның 4-еуі – теріскейлік саңлақтар. Михаил Литвиннен бөлек Олимпиадаға Ирина Эктова және велошабандоздар Алексей Луценко мен Артем Захаров қатысады. Спортшыларға сәттілік тілейміз.

Алдияр Айтпаев