Қоғам

Сенаторлар жергілікті депутаттармен кездесу өткізді

Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов алдымен атқарған жұмыстарына тоқталды. Айтуынша, жыл басынан бері 63 заң қабылданған. Дені Президенттің тапсырмасын орындауға, еліміздегі реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Ерік Хамзаұлы, сондай-ақ, жер мәселесіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізілген заңға да тоқталып өтті.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Құжатта: “Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға жалға беруге тыйым салынады”,- делінген. Осы орайда біз жер қатынастарына қатысты 7 отырыс өткіздік.

Ал қазақстандықтардың өздеріне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 49 жылға дейін жалға беріледі. Мерзім аяқталған жағдайда оны ұзартуға болады.

Енді ауылдағы ағайын: «Малды қайда жаямын?»,- деп алаңдамайды. Яғни, елді мекен маңында ауыл шаруашылығы құрылымдары болмайды. Төрт түліктің оттауына жететін жайылым жерлердің шекарасын анықтау тәртібін Үкімет бекітеді. Жиында ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау туралы да айтылды.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Биыл ауылдық округтердің 836 әкімі ауыстырылады. Саяси науқан 10 күн бойы өтеді. Әкім болуға ниет білдірген жан міндетті түрде Қазақстан Республикасының азаматы болуы қажет. Жасы 25 жастан кем болмауы – шарт. Ең бастысы – жоғары білімді, мемлекеттік немесе өзге де қызметте кем дегенде 2 жыл еңбек етуі тиіс.

Солтүстікқазақстандық депутаттар Сенат өкілдеріне өз сұрақтарын қойды. Дені шағын бизнесті дамыту қатысты. Мемлекеттік сатып алулар сайты туралы да сұрастырды. Жергілікті жерде көтерілген мәселелер қыркүйектің 1-інде Жоғарғы палатаның кезекті сессиясының ашылуында қарастырылады.

Алтынай Казиканова