ТЖ

Өткен демалыс күндері өңірде 4 адам суға кеткен

Өткен демалыс күндері өңірде 4 бірдей адам суға батып кетті. Сұмдық жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерде орын алған.

Оқыс оқиғалардың соңғысы күні кеше Тайынша ауданына қарасты Виноградовка селосының маңында болды. 29 жастағы нәзікжанды Шағалалы өзеніне достарымен демалуға барған көрінеді. Абайсызда аяғы тайып, суға құлап кеткен. Анықталғандай, бұл кезде марқұм масаң күйде болыпты. Айыртау ауданындағы Лобаново өзенінде 35 жастағы тұрғын құрбан болды. Ол кешқұрым суға шомылуға барған.

Осыған ұқсас жағдай Ғабит Мүсірепов ауданында Есіл өзенінде орын алған. 94-ші жылы туған жігіт шомыламын деп батып кеткен. Құтқарушылар денесін келесі күні ғана тауып алып шыққан екен. Оқиғаның анық-қанығы анықталып жатыр.

Әлібек Боромбаев, СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс офицері:

– 4-шілде күні Есіл ауданына қарасты Явленка селосының маңында тұрғынның денесі іздестірілді. 1970 жылы туған ер адам бір күн бұрын кешкі 6-лар шамасында үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Денесі жасанды су қоймасынан ертесіне таңғы 8 кезінде табылды. Қалған мәлімет сот сараптамасы кезінде анықталады.

Алтынай Казиканова