Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірге іс-сапармен Мәжіліс депутаттары келді

Солтүстік Қазақстан қазір – сары аймақта. Коронавирус жұқтырғандардың саны өсуде. Ауруханаға жатқызылғандардың барлығы – вакцина алмағандар дейді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Айманов. Науқастардың арасында әсіресе еш созылмалы ауруы жоқ жастар көп екен. Олардың жағдайлары ауыр деп бағалануда. Ем-дом шараларын науқастар өткен жылы бой көтерген инфекциялық стационарда қабылдауда. Нысан небәрі 3 ай ішінде барлық талапқа сай салынып, қажетті қондырғылармен қамтылған болатын.

Ауруханада ағынды-сорғылы желдету жүйесі де бар. Механизм есікті ашып-жапқанда бөлмедегі ауаны сыртқа шығармайды. Яғни, медициналық қызметкерлерді дерттің жұғуынан қорғайды. Инфекциялық стационар ашылғалы бірде-бір маман жұмыс барысында ковид-19-ға шалдықпаған. Алайда, әрбір палатада кондиционер қарастырылмаған көрінеді. Аптап ыстықта бұл қиындық тудыруы мүмкін. Мәселе жақын арада шешімін таппақ.

Инфекциялық стационардан кейін мәжілісмендер көшенің арғы бетіне шықты. Мұнда су жаңа көпбейінді аурухана бой көтеруде. Учаскеде 200 құрылысшы еңбектеніп жатыр. 500 орынға шақталған нысанның бүгінде іргетасы қаланып, колонналары көтерілуде. Кейін қабырғалары құйылатын болады. Жоспар бойынша емдеу мекемесі 2022 жылдың соңында қолданысқа тапсырылмақ. Ендігі мақсат – болашақ аурухананы білікті кадрлармен қамту.

Асхат Молжігітов, облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің бірінші орынбасары:

– Биыл 200 дәрігерді Түркияның Маниса қаласындағы клиникаға оқуға жібереміз. Қазір келіссөз жүргізілуде. Жоспар бойынша қыркүйек айында аттанады. Бейіндеріне байланысты 3 айдан жарты жылға дейін біліктіліктерін арттырмақ. Десе де, салада кадр тапшылығы бар. Мәселені шешу үшін резиденттерге облыс әкімінің гранттары бөлінуде. Оқуларын бітіргеннен кейін мамандар біздің өлкеге келіп еңбектенетін болады.

Денсаулық сақтау саласындағы өзгерістерге депутаттар оң бағасын берді. Халық қалаулылары бұл тек басы ғана дейді. Нұротандықтардың ақпанның 12-сінде бекітілген Жол картасында медицина саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінген.

Ерлік Тайжанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Жол картасында денсаулық сақтау саласын нығайтуға көп көңіл бөлінген. Ел бойынша 3 мың елді мекенде ФАП болады.

Мәжілісмендерің аймақтағы іс-сапары шілденің 17-сіне дейін жалғаспақ. 10 күн ішінде депутаттар 7 ауданды аралап, халықпен жүздесуді жоспарлап отыр.

Эльмира Садвокасова