COVID-19: Қазақстан

№2 қалалық емханада 7300-ден астам адам екпенің толық компонентін алған

Бүгінде аймақта COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналау науқаны жалғасуда. Тұрғындар кез келген емхана мен қоғамдық орындарда иммундау шарасынан өте алады. Сондай-ақ, қалада жылжымалы екпе егу қосындары да үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Теріскейліктердің бірі үйреншікті – емханада, енді бірі арнайы автобустарда вакцина алуды жөн көріпті.

– Өз басым екпені емханада қойғыздым. Себебі, маған солай ыңғайлы әрі сенімді терапевттердің қарауында болғасын, артық уайымға салынбайсың. Алайда, өзге де екпе егу қосындарында тәжірибелі мамандардың отыратыны сөзсіз.

– Жылжымалы екпе егу пунктерінің барлығы ауруханаға қарайды. Жайдан жай ешкім шығып, вакцина салмайды. Сәйкесінше, препарат та дәрігердің бақылауында болады. Сондықтан, еш айырмашылық жоқ деп ойлаймын.

№2 қалалық емхананың мамандары тұрғындарға Интернационал 90, Васильев 123 және Сәтбаев 19 мекенжайларындағы кабинеттерде екпе салады. Сонымен қатар, «Тайга» сауда үйі мен «Жастар сарайында» да арнайы пунктер жұмыс істеп тұр. Онда да аталған емхананың қызметкерлері тартылған. Вакцина егу орындары демалыс және мереке күндері таңғы 9-дан кешкі 5-ке дейін ашық.

Бегайым Мейманова, №2 қалалық емхананың 3-ші терапия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Сондай-ақ, бізде 24-ші мектепте және Жастар сарайында екпе егу пунктері бар. Бірақ, олар демалыс күндері жұмыс істемейді. Осы орайда тәж вирусына қарсы вакцинаның маңыздылығына тағы бір тоқталып өтейін. Жалпы, екпе – біздің иммундық жүйемізді жаттықтырып, вирусқа қарсы қорғаныс қалыптастырады.

Ақхалаттының сөзінше, күніне 200-ге жуық адам иммундау шарасынан өтуге келеді екен. Әрқайсысы түрлі вакцинаны таңдайтын көрінеді. «Дегенмен, барлық препарат – бірдей әсер етеді»,- дейді 2-ші қалалық емхананың 3-ші терапия бөлімшесінің меңгерушісі Бегайым Мейманова.

Бегайым Мейманова, №2 қалалық емхананың 3-ші терапия бөлімшесінің меңгерушісі:

– Қазір бізде ресейлік «Спутник V», отандық «Казвак» және қытайдың «СoronaVac» атты екпелері бар. Ал Hayat-Vax таусылды. Негізінен, вакцинаның 2 компонентін қою аралығы 21 күнді құрайды. Екіншісін 45 және 90 күн өткеннен кейін де қоюға болады. Бұл уақыт аралығында антитела пайда болып үлгереді. Екінші доза иммунитетті нығайтады.

Жалпы, бүгінге дейін №2 қалалық емханада 7300-ден астам солтүстікқазақстандық екпенің толық компонентін алған. 17 мыңнан астамы, әзірге, біріншісін қойдырған.

Алтынай Казиканова