МТРА жаңалықтары

Бескөлде балық қырылып жатыр

Қырылып қалған балықтар Бескөлдің қақ ортасында орналасқан Қарабек көлінікі. Ірілі-ұсақты мөңкелердің өлі денелері су бетінде қалқып жүр. Көптігі соншалық, санап тауыса алмайсың. Қазір көлдің маңында мұрынды жаратын иіс тұр.

Балықтардың қырылып жатқанын бірінші болып бескөлдік тұрғын Әсемгүл Жүніспаева байқаған. Көлден екі адым жерде тұратын келіншек “Айналаға жайылған жағымсыз иістен тынысың тарылады”,- дейді.

Әсемгүл Жүніспаева, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Бұл көлде мөңке балығы екі жыл бұрын ғана пайда болды. Ауыл тұрғындары кеп балық аулайтын. Осыдан бірнеше күн бұрын балықтардың өліп жатқандығын байқадық. Өткір сасық иіс пайда болды, шыбын-шіркей қаптады. Күйеуім өз бетінше әрекет жасап балықтарды сүзіп, жағаға шығарып жатты. Кейіннен қажетті органдарға хабарласып, осында шақырттық.

Нақтылай кетсек, бұл оқиға шілденің 3-і күні орын алған. Дәл осы күні экологтар мен ветеринар мамандар келіп, сынама алған. Қазіргі таңда зертханалық тексерулер жүргізілуде. Балықтардың неден қырылғаны анықталып жатыр.

Ильдар Какимов, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

– Балықтардың неден қырылғаны зертханалық сараптама жұмыстарынан кейін белгілі болады. Қазір көлді өлген балықтардан тазалап жатырмыз.

Қарабек көлінен 400 келіге жуық өлі балық сүзіліп алынды. Мамандардың айтуынша оның көлемі бұдан көп болуы мүмкін.

Алдияр Айтпаев