Спорт

Облыстық “Ақбидай” жазғы спорттық ойындары мәресіне жетті

“Қарасай” стадионында желдей жүйрік спортшылар мықтыны анықтауда. Эстафетада 11 ауданның құрамасы сынға түспек. Алдымен жарыс жолына Айыртау, Қызылжар және Мағжан Жұмабаев аудандарының бұрымдылары шықты. Белгіленген қашықтықты қызылжарлықтар бірінші болып еңсерді. Тіркеген уақыттары – 2 минут 41 секунд.

Екатерина Лешкова, жарысқа қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Эстафета – ең тартысты сайыстардың бірі. Мұнда жеңіпазды болжау мүмкін емес. Себебі, командаласына қолындағы таяқшаны берер сәтте оны түсіріп алуын мүмкін. Бұл бәсекеде 1-ші қыз – 100, екіншісі – 200, үшіншісі – 300 және төртіншісі – 400 метрге жүгіреді. Мен 400 метрде бақ сынадым. Бәріміз ойдағыдай жүгірдік. 11 команданың ішінен жүлдеге іліксек екен дейміз.

Қызылжарлықтар жүлдеге ілікті. Барлық команданың уақыттарын есептей келе олар топ жарды. Ал 2-ші орын М.Жұмабаев ауданына бұйырды. Үздік үштікті ақжарлық қыздар тұйықтады.

Ал мына жерде баскетболдан финалдық кездесу өтуде. Осы күнге дейін қарсыластарын ұтқан тайыншалықтар мен шалақындық бұрымдылар алтын медаль үшін таласуда. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша тайыншалықтар алда тұр.

Фариза Негматжанова, жарысқа қатысушы, Тайынша ауданы:

– Бұған дейін Қызылжар, Ақжар, Жамбыл аудандарының командаларымен кездесу өткізіп, барлығынан басым түстік. Бүгін финалда ойнап жатырмыз. Босаңсуға болмайды. Басымдықты ойынның соңына дейін ұстау қажет. Сонда ғана чемпион атанамыз.

Тайыншалықтардың жолы болды. Олар шалақындықтарды айқын басымықпен жеңіп, жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. Жалпы, Петропавл төрінде ұйымдастырылған «Ақ бидай» жазғы спорттық ойындары 3 күнге созылды. Жарысқа 8 спорт түрінен 800-ден астам спортшы қатысты.

Алдияр Айтпаев