Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі 6 айда атқарылған шаруа бойынша есеп берді

406 млрд теңге. Бұл – өңірдің 2021-ші жылғы бюджеті. Қазынадағы қаражат түрлі салалардың дамуына бөлінбек. Бірақ, мақсат пен басымдық біреу – ол халықтың тұрмыс жағдайын көтеру. Әсіресе, ауылдарды өркендету. Ол үшін елді мекендердің діңгегі саналатын аграрлы секторды одан әрі нығайту керек.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Еліміздегі азық-түлік себеті 43 аталымнан құралған. Оның 33-і Солтүстік Қазақстанда өндіріледі. Біздің облыс – дәнді дақылдардың төрттен бірін, майлы дақылдардың үштен бірін, жұмыртқаның – 11, сүттің – 10, еттің 5 пайызын береді. Бұл көрсеткіштерді алдағы уақытта арттыратын боламыз

Өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуына майлы дақылдарға арналған алқаптарды ұлғайту септесті. Рапс, зығыр, күнбағысты өсіру бойынша СҚ – бірінші орында.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Алқаптарды әртараптандыру бойынша алға қойылған мақсат орындалды. Енді осы дақылдарды өзімізде өңдеу қажет. Маусым айында жылдық қуаттылығы 370 мың тоннаны құрайты май экстракциялау зауытының құрылысын бастадық. 15 млрд тг инвестиция тартылып, 200-ден аса жұмыс орны ашылмақ. Нәтижесінде барлық май зауыттары рапс, зығыр мен күнбағыстың 90 пайызын өңдейтін болады.

Биыл облыс аумағында 16 сүт-тауарлы ферманың құрылысы жүріп жатыр. Оның 10-ы жыл соңына дейін қолданысқа тапсырылады. 13 мың бас ірі қараға арналған 2 бордақылау алаңы да тұрғызылуда. Мақсат – семірту орындарының санын 6-ға дейін жеткізу. Қысқасы етті және сүтті мал шаруашылығы бір жолға қойылды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2 құс фабрикасының құрылысын бастадық. Жылына кәсіпорындар 6 мың тонна бройлер етін өндіреді. Осылайша, өңірдегі сұраныс толық қанағаттандырылмақ. Сондай-ақ, тағы бір маңызды жоба қолға алынды. Аумағы 3,7 гектар жылыжай кешені тұрғызылады. Мұнда 12 ай ішінде 2,8 мың тонна қияр мен қызанақ өсіріледі. Бұл облыс тұрғындары қажеттілігінің 20 пайызын құрайды.

Ламинатталған фанера, биг-бег қаптары мен изотермиялық термос-вагондар. Бұл соңғы бір жыл ішінде өндіріс саласында жүзеге асқан бірегей жобалар. Күзде құрылыс компанияларын жергілікті материалмен қамтамасыз ететін кірпіш зауыты іске қосылады. Дәл осы уақытта электротехникалық зауыт та жұмысын бастамақ. Шығарылған тауар экспортқа жөнелтіледі. Ал “CLAAS” неміс компаниясы биыл алғашқы комбайндарды құрастырмақ. Ауыл шаруашылығы техникасы біздің диқандарға екі есе төмен бағамен саудаланады. Арнайы экономикалық аймаққа ресейлік инвесторлар да кірді. «Велфарм» компаниясы 15 млрд тг құйып, фармацевтикалық зауыт ашпақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Облыс орталығында қағаз өндіру фабрикасының құрылысы басталды. Кәсіпорын жылына 5 мың тонна өнім шығармақ. Бүгінде тауардың барлығы шет жақтан әкелінеді. Жаңа жоба импорт көлемін азайтуға септеспек. Инвесторлар сабаннан қағаз өнімін жасау бойынша да зауытты іске қоспақ ниетте. Жалпы, өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында өндіріс саласында 10 жаңа кәсіпорын пайда болады

Инфрақұрылымды жақсартуға да көп көңіл бөлінуде. Былтыр 954 км жол жөнделді. Осылайша сапалы жолдардың үлесі 69 процентті құрады. Алдағы 5 жылда көрсеткішті 98 пайызға жеткізу көзделген. Үстіміздегі жылы тұрғындарды ауызсумен қамтуға 11,4 млрд тг бағытталды. Нәтижесінде 49 ауылдағы ағайын таза тіршілік көзіне қол жеткізбек.

Эльмира Садвокасова