Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

Қозыбаев университетінің әкімшілігі вакцина алған жандарға сыйлық береді

Жергілікті университет базасындағы екпе егу қосыны өз жұмысын сәуір айында бастапты. Мұнда вакцина аламын деген жандарды күнделікті №3 қалалық емхананың ақ халаттылары қабылдайды. Алдымен дәрігерлер келушілердің жағдайын тексереді. Яғни, дене температурасы, қан қысымын байқайды. Көрсеткіштер нормаға сай болса, екпе алуға жібереді. Әзиза Жұмабаева – 4-ші курс студенті. Болашақ шет тілі мұғалімі иммундау шарасынан өту шешімін сәуірде қабылдаған. Бірақ, кейін денсаулығы сыр беріп, жиі ауырыпты.

Әзиза Жұмабаева, Қозыбаев университетінің студенті:

– Ем-дом шараларын қабылдап, толық жазылғандықтан екпе алуға келдім. 4 препараттың арасынан «CoronaVac»-ты таңдадым. Себебі, достарым мен таныстарым жуырда қойдырып еді, ағзаның екпеге әсері аса байқалмайды деді. Коронавируспен өткен жазда ауырдым. Абырой болғанда жеңіл түрде өтті. Бірақ, «сақтықта қорлық жоқ» деп отбасымызбен вакцина алдық.

Вакцина алу бойынша университет студенттерімен бірге оқытушылары да белсенділік танытуда. Екпе егу науқаны басталғанда жоғарғы оқу орнында дәрігерлердің қатысуымен ақпараттандыру жұмысы жүргізіліпті. Нәтижесінде 500 ұстаз бен мыңнан аса білімалушы иммундау шарасынан өткен. Көрсеткіш күннен-күнге өсуде. Себебі, қос тарап та дәстүрлі оқу форматына оралуды қалайды. Ол үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет.

Ерлан Шұланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

– Иммундау шарасына қатысып жатқан оқытушылар мен студенттерге жауапкершілік танытқандары үшін алғыс айтамын. Осы ретте вакциналаудан өткен жандарға бірқатар сыйлықтарымыз бар. Ақылы оқитын қыз-жігіттердің барлығына бірдей 5 пайыздық жеңілдік береміз. Ал ең бірінші болып екпе алған мың студент үшін оның көлемі 7 пайызды құрамақ. Одан бөлек, университет бассейні мен тренажер залына бір айға абонемент қарастырылған.

Мұндай абонементтер вакцина алған барлық оқытушыларға да үлестірілмек әрі педагогтарға 3 күндік демалыс беріледі. Ал екпе қойдырған алғашқы 100 ұстаз бір апта бойы тыныға алады.

Эльмира Садвокасова