Балалар

Ерекше балаларға арналып шеберлік сағаты ұйымдастырылды

Қала көшелеріне сән беріп тұратын гүлдерді көргенде Алмас Асриевтың көңілі ерекше көтеріліп қалады екен. Анасының айтуынша, ұлы өсімдіктерді таңдана қызықтайды. Үйге жеткенше қағаз бетіне түсіріп, түрлі түстермен бояуға асығатын көрінеді. Ал бүгін раушан, хризантема, альстромерия және пистацияны үйлестіріп, гүл шоғын дайындауда.

Баян Асриева, қала тұрғыны:

– Алмас гүлдерді, жануарларды жақсы көреді. Фломастермен, қарындаштармен сурет салады. Дайын суреттерді бояғанды, мозаика құрастырғанды ұнатады. Әсіресе, музыканы өте қатты жақсы көреді. Түрлі гүлдерді, табиғат аясындағы құбылыстарды қағазға түсіріп отырамыз. Ол суреттерді Алмас бар ынтасымен салады.

Айналаға көрік беріп, хош иіс сыйлайтын гүлдерді сезініп, олармен емін-еркін жұмыс істеу. Флорист Елена Семидоцких ерекше балғындарға арнап шеберлік сағатын өткізуді бұрыннан ойластырып жүріпті. Сәті бүгін түсіп отыр. «Осы іс-шара арқылы кембағал балалардың көпшілікпен бірдей қолөнерге икемдері бар екенін көрсеткім келді»,- дейді Елена.

Елена Семидоцких, флористика студиясының директоры:

– Мен 1 ай бұрын Екібастұз қаласына барып келдім. Ол жақта мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап оңалту орталығы ашылды. Бас сұғып, педагогтардың ерекше жандармен қалай жұмыс істеп жатқандарын көріп қайттым. Ұл-қыздардың қоғамға сіңісіп, жан-жақты дамуы үшін қолданатын әдістерін үйрендім. Содан өзімізде осындай пайдалы шара өткізуді жөн көрдім.

Бүгінгі шығармашылық сағатына 10-ға жуық жеткіншек қатысты. Аналарымен бірігіп жасаған композициялары балғындарға сыйлық ретінде табысталды.

Алтынай Казиканова