Денсаулық сақтауCOVID-19: Қазақстан

Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді

Ерлан Қиясов, ҚР бас мемлекеттік санитар дәрігері:

– 2021 жылғы 15 шілдеге дейінгі мерзімде вакцинаның бірінші компонентімен, ал 15 тамызға дейінгі мерзімде COVID-19-ға вакцинаның екінші компонентімен профилактикалық егулер жүргізуді ұйымдастыру қажет.

Шілденің бірі күні жарық көрген бас санитар дәрігердің қаулысында осындай бөлім бар. Ерлан Қиясов әкімдерді, ұйым басшыларын, жеке кәсіпкерлерді қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін жандардың бәрін иммундауға шақырды. Ал вакцина салдырған адамның денсаулығына зақым келіп жатса, оған кім жауап береді? Екпе алуға міндеттеген кәсіп иесі ме? Ұйымдастырылған дөңгелек үстел барысында қызу талқыға алынған сұрақтардың бірі – осы. Бұл сауалды мамандарға бизнес өкілдері қойды.

Құмар Күсемісов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Егер екпе салған медбике бір қателіктерге жол беріп, салдарынан адамның өміріне қауіп төнсе, сол екпені дұрыс қоя алмаған жан жауапкершілікке тартылады.

Бірақ, ескеру қажет, кейбір жандарға вакцина алуға болмайды. Олар: тұрақты медициналық көрсетілімі бар және соңғы 3 айдың ішінде COVID-19-бен ауырып жазылғандар. Сондай-ақ жиында ПЦР сынама оң нәтиже көрсеткен жағдайда қандай ем-дом көрсетілетіндігі туралы айтылды.

Раиса Құсайынова, облыстық фтизиопульмонология орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Оңалту шараларымен арнайы мамандар айналысады. Бұл емдеу процесіне физиопроцедуралар, лазермен, жарықпен және тұзбен емдеу жатады. Сондай-ақ, дене шынықтыру жаттығулары да бар. Оңалту процедураларынан коронавируспен ауырған жандардың барлығы өтуі тиіс.

Оңалту шаралары адамның денсаулығын тез қалыпқа келтіруге көмектеседі. Мамандардың сөзінше, егде жастағы адамдар жылына 2 рет, ал балалар 3 рет арнайы курстардан өтулері қажет. Сонда иммунитет қалыпқа келіп, күшейе түседі. Айта кету қажет, бүгінге дейін коронавирусқа қарсы екпенің алғашқы компонентін 130-мыңға жуық теріскейлік алған. Ал толық курстан 72 мың солтүстікқазақстандық өткен.

Алдияр Айтпаев