Құқық қорғау органдары

Бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды

Петропавлда бірнеше велосипед ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды. Қос дөңгелекті көліктер күндіз қаланың түрлі аудандарында қолды болған.

Пысықай қулығын бейбақылау камерасы жоқ подъездерде іске асырыпты. Негізінен, спорттық велосипедтерді және 12 жастағы баланың қос дөңгелекті тұлпарын ұрлап кеткен. Онымен балғын тек бір апта ғана жүріп үлгерген екен. Полицейлер оқиға орын алған орындардың бірінде орналасқан бейнекамералардың көмегімен күдіктіні анықтады. Нәтижесінде, бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған 24 жастағы петропавлдық құрықталып отыр. Ұрланған 7 велосипедтің барлығы иелеріне қайтарылды.

Әсет Мұқышев, қалалық ПБ екінші полиция тергеушісі:

– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында бұрын жауапкершілікке тартылған 24 жастағы Петропавл қаласының тұрғыны анықталып ұсталды. Аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық істер қозғалды.

 

Алтынай Казиканова