Спорт

Жауынгерлік өнер қауымдастығына 3 мыңға жуық теріскейлік мүшелік етеді

СҚО-дағы жауынгерлік өнер қауымдастығы – елдегі үздік ұйымдардың бірі. Оған өңір спортшыларының осы күнге дейін жеткен жетістіктері дәлел. Бүгін сол саңлақтар өздерінің қарым-қабілеттерін көпшілікке паш етуде.

Жергілікті жауынгерлік өнер қауымдастығы 2019 жылдың соңында құрылды. Қазіргі таңда бұл ұйымға 3 мыңға тарта спортшы мүшелік етеді. Олар спорттың 15 түрімен айналысады. Көбі – шығыс жекпе-жектерінің шеберлері.

Иван Ван-Хон-Тун, СҚО бойынша жауынгерлік өнер қауымдастығының жетекшісі:

– Карантиндік жағдайларға байланысты елімізде ұзақ уақыт бойы қатаң шектеулер болды. Бүгінде спорттық шараларды өткізуге мүмкіндік туып отыр. Осы аз уақыттың ішінде спортшылар ел біріншілігі мен халықаралық жарыстарда топ жарып үлгерді. Кейбірі ел құрамасы сапына шақыртылды.

Арнайы ұйымдастырылған жиында саладағы өзекті түйткілдер де қаузалды. Сөз алғандардың айтуынша, бүгінде елдегі жауынгерлік өнер қауымдастығын қаржыландыру мәселесі ақсап тұр. Дегенмен, проблема көп ұзамай шешілмек. Нұр-Сұлтан қаласында өткен қауымдастықтың соңғы отырысында үкіметтен ақша бөлінетіндігі айтылыпты. Бұл қаржы бапкерлердің жалақысын арттырып, балалардың спорт үйірмелеріне тегін баруларына септігін тигізбек.

Әсет Игенбаев, СҚО бойынша дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі таңда спортты дамыту дирекциясын ашу жоспарланып отыр. Әзірге, бұл мәселе қарастырылып жатыр. Жақын арада шешіледі деп ойлаймыз. Жалпы, жауынгерлік өнер облысымызда күн өткен сайын дамып келеді. Ел құрамасы сапына іріктеліп алынған жергілікті спортшылар лайықты өнер көрсетуде.

Жиында шілденің 14-і мен 19-ы аралығында Петропавлда муай-тайдан Қазақстан чемпионатының өтетіні де айтылды. Бұл жарыста оза шапқандар ұлттық құрама сапасына алынып, ел намысын әлем біріншілігінде қорғамақ.

Алдияр Айтпаев