Аптадағы маңызды жаңалықтарБилік

Шілденің 25-і ауылдық округ әкімдері сайланады

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан, тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін алдағы сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды.

Қазақстан жанамадан тікелей сайлауға көшті. Жаңашылдық селолық округ әкімдеріне қатысты. Жаңа атқамінерлерді аудандық мәслихат депутаттары емес, ауылдағы ағайынның өзі таңдайтын болады. Ел халқының 40 пайызы елді мекендерде тұрады. Сәйкесінше, лайықты әкімді де өздері сайлаулары қажет. Маңызды науқан республика бойынша шілденің 25-іне белгіленді.

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Солтүстікқазақстандықтар жалпы саны 70 селолық округ пен Мамлютка қаласының жаңа жетекшісін сайлайды. Себебі, селолық округ әкімдерінің 4 жылдық мерзімі аяқталып қалды. Сондай-ақ, уақытынан бұрын өз лауазымдарын босатқан жандар бар. Өңір бойынша 174 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Науқан барлығы 218 елді мекенде ұйымдастырылмақ.

Қазір сайлауалды науқан жүріп жатыр. Маусымның 26-сынан үміткерлерді тіркеу басталды. Потенциалды әкім жасы 25-тен асқан, жоғары білім бар азамат болуы тиіс. Әзірге, сайлауға қатысуға облыс бойынша 42 жерлесіміз ниет білдіріпті. Олардың 25-і – көшбасшы партия өкілдері. Қалған 17-сі өз кандидатураларын өздері ұсыныпты.

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Өз кандидатурасын өздері ұсынатындарға науқанға қатысу үшін жергілікті халықтың кемінде 1 пайызы қолдау көрсетуі қажет. Үміткерлерді тіркеу аяқталып, тізімде тек бір адам болса, аудан әкімі тағы 2 азаматты ұсынуы тиіс.

Шілденің 15-інен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталады. Шара 9 күнге жалғаспақ. Әрбір қатысушыға ауылдарды аралап, жаднама қағаздарын тарату үшін 220 мың теңгеден бөлінбек. Ал облыстық сайлау комиссиясына науқанды ұйымдастыруға республикалық бюджеттен 190 млн теңге бағытталды. Соманың 70 пайызы ұйым қызметкерлерінің жалақысына жұмсалмақ.

Эльмира Садвокасова