Мәдениет

Облыстық қуыршақ театрында – премьера

Кішкентай көрермендерге тарту! Облыстық қуыршақ театрында “Огогохтың таңғажайып оқиғасы” атты ертегінің премьерасы cахналанды.

Су жаңа қойылымның басты кейіпкері – Огогох атты сыйқыршы. Ол орманда өмір-сүріп, жануарларға күн-түн демей көмек көрсетеді. Қолы босамағандықтан түрлі-түсті заттарға, азық-түлікке толы үйіне де сирек келеді. Бір күн сыйқыршы уақыт тауып, баспанасына бас сұғады. Енді тамақ іше бергенде жануарлардың бірі көмекке шақырады. Огогох асыға жиналып, үйін құлыптауға ұмытып кетеді. Мұны байқап қалған кішкентай тышқан ішке кіреді. Кеміргіш үйді аралайды, сыйқыршының тамағын жейді. Сол сәтте баспанаға басты кейіпкер кіріп келеді. Алайда, Огогох тышқанға ұрыспай, бөтеннің дүниесіне рұқсатсыз тисуге болмайтындығын түсіндіреді. Кейін екеуі өзара адал дос болып кетеді. 3 өнер иесі сахналаған туындының қоюшы режиссері – облыстық қуыршақ театрының актрисасы Ульяна Булушева.

Ульяна Булушева, облыстық қуыршақ театрының актрисасы:

– Қойылым барысы пандемия кезінде туындады. Ойымды әріптестеріме жеткіздім. Кейін театр актрисаларымен мазмұнын жазып, ертегіге қажетті дүниелерді әзірледік. Спектакльдің басты мақсаты – балаларды адалдыққа үйрету. Кішкентай көрермендерімізге шағын ертегіміз ұнады деп ойлаймын.

 Дана Ешкенова