ТКШ

Бескөл тұрғындарын жылу мен су мәселесі алаңдатады

Далада күн шыжып тұр. Үйдің іші де қапырық. Осындайда адамдар сумен салқындайды. Бескөлде ол түгілі, ішудің өзіне су тапшы. Ауылдағы Жастар көшесінің тұрғындары уақыттарының көп бөлігін су жинаумен өткізеді. Өйткені, орталықтандырылған су құбырынан тіршілік нәрі жаз келсе болды, жіңішкелеп ағады. Қысым жетпейді дейді ағайын. Кейде, тіпті, тоқтап та қалады екен.

Антонина Иванова, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Мынадай уақытта сусыз қалай отырасың? Дала шыжып тұр. Ашығын айту қажет, кейде ішетін су таппай қаламыз. Амал жоқ, сатып аламыз немесе басқа көшелердегі таныстарымыздан сұрап аламыз. Бір қызығы, өзге көшелердегі әлеуметтік және мемлекеттік нысандарда мұндай мәселе жоқ. Қиналып отырғаны біз ғана.

Жергілікті билік бұл мәселеден хабардар екен. Ауыл әкімінің міндетін атқарушы Мәулен Қасымғожиннің айтуынша елді мекенге тіршілік нәрі сол бір сорғы станциясынан келеді екен. Жазғы уақытта суға деген сұраныс артатындықтан оның күші кейде шеткері орналасқан үйлерге жете бермейді. Жағдайды реттеу үшін осыдан 2-3 жыл бұрын Жастар көшесінде құдықтар қазылыпты. Ондағы суды пайдалануға болады. Бірақ, ішке кіргізу үшін тұрғындары құбыр тартулары қажет. Қаржы ағайынның қалтасынан шығады.

Ермек Байкенов, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Мәселен, мына үйде 100-ге жуық адам тұрады. 80 пайызы – егде жастағы жандар. Зейнетақыға күн көріп отыр. Тапқан-таянғанын отын мен көмірге жұмсайды. Суды үйге кіргізуге қаражатты қайдан алады? Ал оның құны арзан емес.

Кейбір тұрғындар шаруаны өз ақшаларына тындыруға тырысып көріпті. Сөйтсе, су кіргізу үшін нысан ішіндегі құбырдың бәрін ауыстыру қажет болған. Өйткені, ескі желі қысымға шыдамай, жарылып кетуі мүмкін. Үйдің бойындағы құбыр жүйесі жергілікті әкімдіктің есебінен ауыстырылуы тиіс. Бірақ, өкінішке қарай, ол туралы мәселе қарастырылмапты.

Бескөлдіктерді мазалап отырған мәселе бұл ғана емес. Жастар көшесіндегі баспаналар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Антонина Иванова 3 қабатты нысанда орналасқан пәтерін кәдімгі пешпен жылытады. Өзі де, күйеуі де сексеннің сеңгіріне шыққан. Қариялар отын-мен көмірді сырттан тасиды. Бұлай жалғасып келе жатқанына табаны күректей 30 жылға жақындап қалыпты.

Антонина Иванова, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Күйеуім – 2-ші топтағы мүгедек. Бір аяғы жоқ. Сондықтан, қыста отын-көмірді көбіне өзім тасимын. 2-ші қабатқа көтерілем дегенше шаршап, әлсіреп қаламын. Бірақ, басқа амал жоқ, пәтерді жылыту қажет. Біреуден көмек те сұрай алмайсың. Көршілерімнің бәрі – өзім секілді егде жастағы жандар.

Пеш жағу қиын ғана емес, адам өміріне де қауіпті. Бұлай деуімізге себеп, 59 пәтердегі пештерден шыққан түтін бір мұржа арқылы шығады. Егер ол бітеліп қалса, қолқаны қабатын қою қара барлық үйге тарайды, адамдар тұншығып қалуы мүмкін.

Ермек Байкенов, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Жергілікті әкімдік 3 жылдан бері орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосамыз деп уәде беріп келеді. Былтыр жылу беріледі деген нақты жауап алдық. Жаңалыққа қуанып, қысқа қамданбадық. Желтоқсанға дейін қолда бар отын-көмірімізді жағып келдік. Алайда, арманымыз орындалмады. Күн әбден суыған шақта жылу берілмейді деді.

Тығырыққа тірелген бескөлдіктер қыстың қақ ортасында отын мен көмір іздепті. Іздегендерін тапқан. Бірақ, әдеттегіден екі есе көп ақша жұмсауға тура келген.

– Когда-то должна быть хорошая жизнь. Никаких изменении.

– Полтора года назад похоронила мужа. Он поднял на 3 этаж дрова. Поднялось высокая давления, инсульт.

Мұндай жағдайға Жастар көшесінде орналасқан бір емес, 6 бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары тап болған.

Мәулен Қасымғожин, Бескөл ауылы әкімінің міндетін атқарушы:

– Ауылды бір қазандық жылытады. Ол да ескіріп қалды. Жөндеуді талап етеді. Оның көмегімен 90-ға жуық нысан жылытылады. Қалған 30-ы кезекте тұр. Қазандықтың да қашан жөнделетіндігін дөп басып айта алмаймын. Себебі, қажетті ақша әлі бөлінген жоқ. Мәселе қарастырылып жатыр.

Жастар көшесіндегі жылу тарататын құбыр жақында тексерістен өткізіледі. Апаттық жағдайда екендігі анықталса, жөндеу жүргізілмек. Бірақ, тексерістің қашан бастау алатындығы әзірге белгісіз. Тұрғындар болса, не істерлерін білмей дал. Бірі былтырғыдай сан соқпау үшін отын-көмір аламыз десе, енді бірі арманымыз орындалып қалар деп үміттенеді.

Маржан Касымбек