Құқық қорғау органдары

32 солтүстікқазақстандық шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған

54 жастағы солтүстікқазақстандық осы күнге дейін кеңестік үлгідегі төлқұжатпен жүрген. Бұл туралы көші-қон қызметінің мамандары хабарлады. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 24 мыңнан астам адам – жеке куәлік, 8 мыңнан астам адам паспорт жасатуға өтініш беріпті.

70-ке жуық азаматтың құқықтық мәртебесі реттелген. 200-ден астам мейман Қазақстанға келу ережесін бұзған. Соның 20-дан астамы бұндай құқық бұзушылықты бірнеше рет жасаған. Олар республика аумағынан шығарылыпты. Ал 32 солтүстікқазақстандықтың шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны анықталды. Көбісі өзге ел азаматтарын үй шаруасына тартқан. Полицейлер өңір тұрғындарына шетелдіктерді жұмысқа қабылдаған кезде 3 күн ішінде көші-қон қызметіне хабарлау қажеттігін ескертеді. Соңғы мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта облыс аумағында 5800-ден астам шетел азаматы мен 255 азаматтығы жоқ адам тұрып жатыр.

Байболат Култанов