Экология

“Жасыл ел” еңбек жасағының 17-ші маусымы бастау алды

Табиғатты аялап, қоршаған ортаны қорғау – Анастасия Поляктың басты ұстанымдарының бірі. Осы ретте 23 жастағы ару 4 жыл қатарынан «Жасыл ел» жасағына мүшелік етіп келеді. Биыл да дәстүрден айнымай, уақытын тиімді өткізуді жоспарлап отыр. Үйіне жақын әрі алдыңғы жылдары ұжыммен тез тіл табысып кеткендіктен, Қызылжар орман шаруашылығын таңдаған екен.

Анастасия Поляк – «СҚО JE штабы” ҚБ мүшесі:

– Мұнда алғаш рет 2017 жылы келдім. Бірден барлығымен достасып, ортаға сіңісіп кеттім. Жұмыс ұнағасын, келесі жылы да «Жасыл ел» қатарына қосыламын деп шештім. Бәрі көңілімнен шығып жатыр. Әрине, шыбын-шіркей, сона деген мазаны алып жатады. Ауылда өскендіктен оған етіміз үйренген.

Қызылжар орман шаруашылығына бүгін Анастасиядан бөлек, тағы 32 адам қабылданды. Жастар әуелі жұмыс барысымен танысып, күнделікті шаруаны өзара бөлісіп алады. Әр топқа орманшы бекітіледі. Белсенді жастарға жүктелген алғашқы тапсырма – жүйектердегі қайың өскіндерін суару. Жасылелдіктер бұл іске білек сыбана кірісіп кетті.

Орман аумағын ағартып-сырлау, жол жиегін қоқыстардан тазарту – шаруа шаш етектен. Ендігі кезекте еңбекқор жастар 2 ай бойы уақыттарын тиімді өткізбек. Жұмыс уақыты таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жалғасады. Жасылелдіктер жаңбырлы күні де бос отырмайды. Сыпырғыш жасап, шөп жұлады. Айлық жалақы – қолға 80 мың теңге.

Қайрат Қалықов – Қызылжар орман шаруашылығының директоры:

– Биылғы сезонға облысқа «Жасыл ел» отрядына 33 млн теңге бөлінді. Қызылжар орман шаруашылығына 35 жас жұмысқа қабылдану керек еді. Қазіргі таңда тізім бойынша 33 студент қабылданды. Балалардың жасы 16-дан төмен болмауы қажет. Былтырғы жылмен салыстырғанда студенттердің басым бөлігі – 2-3 жыл істеп жүрген тәжірибелі жастар.

Жалпы, шілденің алғашқы күні «Жасыл ел» жасағының 17-ші маусымы басталды. Жоба аясында биыл өңір бойынша абаттандыру жұмыстарына 665 адам тартылған.

Алтынай Казиканова