Мәдениет

Шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні

Қазағымның жүрегінен жаралған, даламыздың үнісің сен, домбыра! Бұл аспаптың құдіреті – күйінде, қос ішектен төгілген үнінде. Халқымыз бұрындары қуанышын, басына түскен қайғы-мұңын, бұйрығы мен тілегін осы домбыра арқылы жеткізген. Қызылжардың төрінде қасиетті ұлттық мұрамызды «Жас тұлпар» ансамблі көпшілікке паш етіп отыр. Өнерлі жастар Дәулеткерейдің «Қос алқа» деп аталатын туындысын шертуде.

Әлия Мәкенова – «Жас тұлпар» өнер ансамблінің жетекшісі:


– Кей жандар театрға, концерттерге бара алмайды. Сондықтан, далада халық біздің өнерімізді тыңдаса екен дедік. Қазақстанда тұрғандықтан халқымызға домбыраны таныстыру – міндетіміз.

Ұжымға 10-нан астам оқушы мүшелік етеді. Ашық аспан астындағы шағын концертке талантты жастардың жартысы қатысты. Олар домбыраның құлағында ойнап қана қоймайды, спортпен де айналысады. Мадали Табулдинов – муайтайдан ел чемпионы.

Мадали Табулдинов – «Жас тұлпар» өнер ансамблінің мүшесі:

– Домбыра – халық аспабы. Оның күйі өте жағымды. Маған ұнайды. Осыған дейін домбырамен 5 рет өнер көрсеттім. Тайбокспен де айналысамын. Көп жетістікке жеттім.

Даладағы қапырыққа қарамай күйден шашу шашқан жастарға тұрғындар алғыстарын білдірді. Өнерлеріне тамсанғандарын да жасырмады.

– Домбыра күні құтты болсын. Бәріміз қуанып жатырмыз.


– Нам очень понравилось. Большое спасибо.

Жалпы, Домбыра күніне орай ұйымдастырылған шарада «Жас тұлпар» өнер ансамблі халық композиторларының 3 туындысын орындады.

Маржан Касымбек