Спорт

Петропавлда облыстық “Ақбидай” жазғы спорттық ойындары өтуде

Шіліңгір шілденің ыстығы адамды тез қажытады. Соған қарамастан “Қарасай” стадионында бақ пен бап таластырған жеңіл атлетші қыздар 1 жарым шақырымды оңай еңсерді. Бұрымдылардың арасында Виктория Сергеева алдына жан салмады. Ол Ақжар ауданының намысын қорғауда.

Бойжеткен мәре сызығын 4 жарым минутта кесті.

Виктория Сергеева – жарысқа қатысушы, Ақжар ауданы:

– Бәрі ойдағыдай өтті. Бірақ, бүгін жеке көрсеткішім бұрынғыдай қалды. Ертең 3 шақырымға жүгіремін. Соған күш сақтадым. Бұл сында барымды салып, жеңіске жетсем деймін.

Жеңіл атлеттер арасында жеңімпаз анықталып жатса, мына жақта бәсеке одан әрі қыза түсуде. Ортада Уәлиханов пен Айыртау аудандарынан келген баскетболшылар өзара мықтыны анықтауда.

Матчтың 3 кезеңі артта қалды. Алда Уәлиханов ауданының жастары тұр. Бұл команданың белді мүшесі Әлішер Серіков әлі босаңсуға ерте дейді.

Әлішер Серіков – жарысқа қатысушы, Уәлиханов ауданы:

– Бұл – біздің бірінші кездесуіміз. Әзірге, жеңіп жатырмыз. Командалардың арасында осалы жоқ. Бәрі лайықты қарсылық танытуда. Негізі, біз аумақтық кезеңде жылда топ жарып, облыстық сынға қатысамыз. Өкінішке қарай, облыстық бәсекеде сүрініп жүрміз. Биыл жеңіске жетеміз деген ойдамын.

Бұл кездесуде уәлихановтық жастар қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді. Енді олар тайыншалықтармен күш сынаспақ. Айта кету қажет, биыл облыстық “Ақбидай” жазғы спорттық ойындары Петропавлда өтіп жатыр. Оған өңіріміздің түкпір-түкпірінен жиылған 800-ден астам спортшы қатысуда.

Виктор Бестик – СҚО дене шынықтыру басқармасының бөлім басшысы:


– Бұл – 1-ші кезең. Аумақтық кезеңнен сүрінбей өткен жандар спорттың 8 түрі бойынша сынға түсіп жатыр. Сайыстар “Қарасай” мен “Жастар” стадионында және Спорт сарайында өтуде. 2-ші кезең шілде айының соңында Айыртау ауданында ұйымдастырылмақ. Онда өзге де спорт түрлері бойынша медальдар сарапқа салынады.

Айыртауда жарыс мылтық ату, шахмат, веложарыс, еркін күрес, үстел теннисі, дойбы мен бокстан өтеді. Ал Петропавлдағы дүбірлі дода 3-ші шілде күні қорытындыланады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль және дипломдар табыс етіледі. Қай ауданның үздік атанғаны 2-ші кезеңнен кейін ғана белгілі болмақ.

 

Алдияр Айтпаев