Мәдениет

Облыстық кітапханада Зейнолла Әкімжановті еске алу кеші өтті

Дарынды, шындықты бетке айтатын бірбеткей тұлға болған. Зейнолла Әкімжанов осындай қырларымен балаларының есінде қалыпты. Қызы Асыл Мұхамедғалиеваның айтуынша, әкесінің журналистикаға деген қызығушылығы 16 жасында оянған екен. Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылының тумасы қызмет жолын Алматы қаласындағы академиялардың бірінде бастапты.

Асыл Мұхамедғалиева – Зейнолла Әкімжановтің қызы:

– Оның өлеңдері – ұмытылмас қазына. Әкемнің біршама кітаптары да жарық көрді. Көбінесе түрлі тақырыпта жазған. Біз кішкентай болған кезде айтыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Өзім де өлеңдер жазамын.

Жалпы, Зейнолла Рамазанұлы ғұмырының 43 жылын «Soltüstik Qazaqstan» облыстық газетіне арнаған. Қызметтестерінің арасында ерекше зеректігімен, даналығымен есте қалыпты. «Жұмыс барысында жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт сілтеуден ешқашан жалықпаған»,- дейді газеттің бас редакторы Ербақыт Амантайұлы.

Ербақыт Амантайұлы – «Soltüstik Qazaqstan» облыстық газетінің бас редакторы:

– Зейнолла Рамазанұлы соңғы жылдары зейнетке шығар алдында М.Қозыбаев атындағы университетті бітіріп келген бір топ жасқа тәлімгер болды. Сол шәкірттерінің бірі – мен едім. Қаламды қалай ұстаудан бастап мақала жазу, оны қорытуды үйретті. Ағамыздан көп дүние үйрендім.

Бүгінгі еске алу кешіне Зейнолла Әкімжановтің зайыбы Ғалия Қожахметова да қатысты. Жолдасының көзін көрген замандастарымен бірге ақынның өмір жолы мен шығармашылығын баяндады. Жас буын өкілдері Зейнолла Әкімжановтің шығармаларынан үзінді оқыды.

Алтынай Казиканова