Аптадағы маңызды жаңалықтарТКШ

Мамлют, Жамбыл пен Есіл аудандарының 18 елді мекені ауызсумен қамтылды

Бексұлтан Шаймергенов – Тауағаш ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Ертеде құдық 2 шақырым жерде, ағаштың ішінде болды. Кейін ауылдың ішінен қазып алдық. Қар болғанда, боран болғанда тасу қиын болды. Құдықтан алған суды үйге әкеліп тазартамыз, тұндырамыз. Ал енді су үйге дейін жетті.

Бүгін тауағаштықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Ауылдағы ағайын 25 жылдай ауызсу машақатын көрді. 300-ден аса тұрғыны бар елді мекеннің басты мәселесі түбегейлі шешілді. Тіршілік көзі ауылға, тіпті, әр үйге дейін жетті. Қарапайым ауылымыздың жағдайы қаламен теңесіп отыр дейді Шынар Сиванбаева. Тамақ пісіріп, киім жуу үшін енді құдық басына барудың қажеті жоқ.

Шынар Сиванбаева – Тауағаш ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Құбырды үйге тартуға 90 мың теңге жұмсадық. Септикті өз күшімізбен қаздық. Қазір раковина ғана тұр. Алдағы уақытта аристон, ванна мен автомат машина қоямыз деп жоспарлап отырмыз.

Әзірге, тіршілік көзі 29 үйдің ішіне дейін кіргізілген. Алдағы уақытта қалған 39-ы да су құбырларын баспанаға тартпақшы. Мұндай мүмкіндікке тұрғындар 2-ші кезектегі Преснов топтық су құбырын толық қайта қалыпқа келтірудің арқасында қол жеткізіп отыр. Шаруаға ел бюджетінен 4 млрд 830 млн тг бағытталыпты. Реконструкция барысында ұзындығы 249 шақырым болатын су желісі салынды.

Ерболат Беркінбаев – «Қазсушар» ШЖҚ бас директорының орынбасары:

– Жұмыс 2014 жылы басталды. Белгілі себептерге байланысты мердігер жұмысты созып жіберді. 17 ауылға магистральді су құбырлары тартылды. Әр ауылда сорғы станциялары бар, екі резервуар орнатылған. Су болмай қалған жағдайда тұрғындарды осы резервуардағы сумен 3 тәулікке дейін қамти алады.

Нәтижесінде Есіл, Мамлют пен Жамбыл аудандарының 18 елді мекені таза ауыз сумен қамтылып отыр. 18-шісі ол – Пресновка. Естеріңізге сала кетейік село қақаған қыстың ортасында, дәл жаңа жыл қарсаңында тіршілік көзінен ажыратылып қалды. Былтыр ауыл жаңа магистральға қосылуы тиіс еді. Бірақ, мердігер жұмысты созып жіберді. Ал халықты сумен қамтитын құбырлар әбден ескіріп, бірнеше жерден бірнеше мәрте жарылды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Енді құбырларға қатысты проблема туындамайды. Бірақ, мәселе толық біржақты етілді деп айтуға келмейді. Әлі елді мекеннің ішіне су тарату желілерін салу керек.

Осымен 2-ші кезектегі Преснов су топтық құбырына қатысты мәселенің нүктесі қойылды. Ал 1-ші кезектегі магистральдің ісі не болды?

Қанат Асқаров – “Нұра топтық су құбыры” ШЖҚ РМК “Есіл су” СҚФ директоры:

– Жұмысқа жауапты бас мердігер тапсырылған шаруаны орындамады. Бүгінде компаниямен арадағы келіссөзді бұздық. Қайта конкурс жариялап, «Сапа құрылыс» пен «Дәнекер» серіктестіктері жеңіп алды. Соңғысы іске әлі кіріскен жоқ. Бұл ретте бейінді комитеттен жұмысты тездетуге көмек сұрадық.

1-ші кезектегі Преснов су топтық құбырының реконструкциясына қазір 15 ауыл қарап отыр. Елді мекендерде 20 мыңға жуық адам тұрады. Сондықтан, қайта қалыпқа келтіру жұмыстарын жоспарға сай аяқтау өте маңызды деді аймақ басшысы.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірінші кезектің 1-ші және 2-ші этапы бар. 1-ші этапы бойынша ағымдағы жылдың соңына дейін 7 ауылды қосамыз. Қалғанын келесі жылы бітіретін боламыз. Жалпы, бөлінген қаражат пен атқарылып жатқан жұмыстың арқасында ауыл азаматтарының 83,5 пайызы таза ауызсуға қосылады.

Алдағы 5 жылда бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жеткізілмек. Облысты дамытудың кешенді жоспарына сай тұрғындарды жаппай ауызсумен қамтуға қаражат бекітіліп, бөлініпті.

Эльмира Садвокасова